Жедел жәрдем қызметінің сапасы ең нашар өңірлер аталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елімізде жедел жәрдем қызметінің сапасы бағаланды. Белгілі болғандай, 10% жағдайда тұрғындар жедел жәрдемді бір сағаттан көп уақыт күткен екен. ШҚО, БҚО және Маңғыстау облыстарының жедел жәрдем қызметі ең нашар деп танылды.
2020 жылы Қазақстанда 330 жедел жәрдем станциясы (бөлімшесі) жұмыс істеді. Ал 2019 жылы оның саны 318 болған еді. Бір жылда жедел жәрдем станциялары 7,5 млн адамға көмек көрсетті. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 11,2%-ға аз.
Әр 1000 адамның 398-і жедел жәрдем бөлімшесінің қызметімен қамтылды. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, 2019 жылы 1000 адамның 451-і жедел жәрдем қызметін пайдаланған.
Біздің елімізде жедел жәрдем қызметін шақыру тегін. Ал оның сапасына ҚР ДСМ жауапты. 2020 жылы елдегі мемқызметтер көрсету сапасын бағалаудың қоғамдық мониторингінің нәтижелері бойынша қазақстандықтар жедел жәрдем қызметінің жұмысына 82,5% қанағаттанамыз деп жауап берген. Көрсетілген қызметтің орташа бағасы - 5 балдың ішінде 4,69 балл.
«103» нөміріне түскен жедел медициналық жәрдем көрсету туралы шақырту 97,7% жағдайда қабылданған, ал 2,3% жағдайда қызмет алушыларға басқа нөмірге хабарласуға кеңес берілген.
ҚР-да жедел медициналық көмек көрсету ережелеріне сәйкес, фельдшерлік және арнайы бригадалардың пациенттің шақырту орнына жету уақыты қауырттылығына байланысты 10-60 минутты құрайды. Көп жағдайда (85,4%) жедел жәрдемді күту мерзімі бекітілген нормативтерге сәйкес келе бермейді.
10,4% жағдайда бұл уақыт бір сағаттан асып кетсе, респонденттердің 4,2%-ы жедел жәрдемді қанша уақытын күткенін нақты айта алмаған.
Бұл ретте жедел жәрдемді 4 сағаттап немесе 5 күндеп күткен жағдайлар да тіркелген екен.
Респонденттердің көп бөлігі (27,7%) жедел жәрдем бригадасының 10 минутта жеткенін атап өткен. Жауап бергендердің 25,8%-ы жедел жәрдем көлігін 15 минуттай күткенін, ал 23,9%-ы жарты сағаттай күткенін, респонденттердің 8%-ы бір сағаттай күтуге мәжбүр болғанын айтқан.
Респонденттердің 94,8%-ы жедел жәрдем бригадасы қажетті көмекті көрсеткенін жеткізген. 47,4% жағдайда медициналық көмек үйде көрсетілсе, 35,2% жағдайда пациенттер ауруханаға жатқызылған, 13,1% жағдайда пациент ауруханаға жатудан бас тартқан. Ал қызмет алушылардың 1,9%-ының айтуынша, жедел жәрдем бригадасы еш көмек көрсетпей, кетіп қалған көрінеді.
Жалпы жедел жәрдем қызметкерлерінің жұмысы былайша бағаланған:
- сыпайылық және пациент қажеттігіне көңіл бөлуі - 88,3% азамат дауыс берген;
- жедел жәрдем қызметінің жеделдігі - 83,6% респондент дауыс берген;
- жедел жәрдем қызметінің құзыреттілігі - 83,1% адамды қанағаттандырған;
- диспетчердің сыпайылығы - 83,1% адамды қанағаттандырған;
- «103» пультінің қоңырау қабылдау жылдамдығы - 74,2% адамды қанағаттандырған.
Өңірлер бөлінісінде ең жоғары орташа ұпайды Жамбыл және Ақтөбе облыстары, сонымен қатар елорда иеленіп отыр.
Ал ең төмен орташа ұпай ШҚО, БҚО және Маңғыстау облысының еншісінде.