Жедел медициналық жәрдем қызметіне жылына 8 миллионға дейін шақырту түседі

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ӨКҚ алаңында өткен брифингте ҚР ДСМ Ұлттық  жедел медицинаны үйлестіру орталығы басқарма төрағасының орынбасары Ғұмырбек Ағыбаев айтты.

Ол Қазақстанда жедел медициналық жәрдем қызметі үздік халықаралық тәжірибеге сәйкес жаңғыртылғанын еске салды. 

Өз сөзінде Ғұмырбек Ағыбаев бүгінгі таңда республикада жедел медициналық көмек қызметі 18 дербес станция, 130 қалалық қосалқы станция және 284 аудандық бөлімшелерден тұратынын хабарлады. 

Облыстық және қалалық ЖМК станцияларында бір ауысымда 1486 көшпелі жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді, оның ішінде 290 – мамандандырылған (дәрігерлік), 1196 – фельдшерлік. Қалалық бөлімшелерде 911 бригада, аудандық бөлімшелерде 576 бригада жұмыс істейді,-деді ол. 



Жыл сайын ҚР Жедел медициналық жәрдем қызметі біздің елімізде жүрген қазақстандықтарға да, шетел азаматтарына да шұғыл медициналық көмек көрсетеді. Жалпы, медавиацияға жыл сайын 7 млн-нан 8 миллионға дейін қоңырау шалынады екен. 

Жедел медициналық көмек жұмысының интегралдық көрсеткіші шақыруға дер кезінде келу болып табылады. Осы жылдың 11 айында кешігіп орындалған шақырулардың үлесі 4,3%-ды құрады, - деді Ғ. Ағыбаев. 

 

Жедел жәрдем станциялары бекітілген стандарттарға сәйкес медициналық жабдықтармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен жабдықталған, республика бойынша жарақтандырылуы – 97%. Бүгінгі таңда ЖМК балансында 2 287 бірлік санитарлық автокөлік бар, оның ішінде 1 410 бірлік қалада және 877 бірлік ауылда. Биыл 336 санитарлық көлік сатып алынды. Барлық жедел жәрдем көліктерінің GPS-навигациясымен жабдықталуы 100%-ды құрайды,-деді Ағыбаев.

 

Сонымен қатар ол 2021 жылдың 11 айында республика бойынша жедел медициналық көмек бойынша түскен шақырулар саны 7 603 040 болғанын жеткізді. 1 қаңтар - 1 желтоқсан аралығында коронавирустық инфекция бойынша 354 400 шақыруға қызмет көрсетілген, оның ішінде 259 692 адам ауруханаға жатқызылыпты. 

Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы жұмысының тағы бір бағыты 2017 жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан оқу-тренинг орталығы. Онда медициналық авиация, жедел және шұғыл медициналық көмектің қызметкерлері оқытылады. Барлық кезеңде 21 мыңға жуық тыңдаушы дайындалды екен.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы