Жеңіс Қасымбек жұмыс сапарымен Абай ауданында болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жұмыспен қамтудың жол картасы Қарағанды облысының қалалары мен аудандарына дамуға қуатты серпін беруде.
Биыл Абай ауданында ТКШ және абаттандыру саласында үлкен жұмыс көлемі жүргізіліп жатыр. Абай мен Қарабаста кәріз желілері, тазарту құрылыстары мен сорғы станциялары ретке келтіріледі. Бұл үш жылдық жоба, қайта қалпына келтіру жұмыстары 2020 жылы аяқталады.
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жұмыс сапарымен Абай ауданында болды.
Аймақ басшысы Дубовка ауылында бюджет қаржысы қандай бағыттарға жұмсалғанын қарап шықты. Аудан әкімі Бауыржан Асановтың айтуынша, Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша мұнда стадион мен білім беру орталығы жөнделді. Үйлер арасында серуендеу алаңы абаттандырылды. Кентте облыстық бюджет қаражатына су құбыры желілері жөнделуде.
Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша Абай ауданында 1,2 млрд теңгенің 42 жобасы жүзеге асырылуда. 349 жұмыс орны құрылған. Аудан әкімінің мәліметінше, 15 елді мекенде жолдар мен жарықтандыру ретке келтіріліп, 9 білім беру нысаны мен екі аурухана жөнделді.
Жеңіс Қасымбек сондай-ақ егін жинау нәтижелерімен танысты. Абай ауданында 50-ге жуық шаруа қожалығы картоп пен көкөніс өсіреді. Облыс әкімі жыл сайын облыстың тұрақтандыру қорын толықтыруға көмектесетін «Поливное» және «Шанс» шаруа қожалықтарында болып қайтты.
Өңір басшысы көпшілікке танымал Абай тігін фабрикасынын да жұмысын бақылап өтті. Кәсіпкер Нұрхан Жұмабеков жергілікті брендті дамыту үшін өз қаражатын жұмсаған. Өндіріс біртіндеп қарқын алуда - мұнда жылына 50 мыңға жуық тігін бұйымдары шығарылады.
Кәсіпкер бизнесті қолдау туралы өтініш білдірді.
Біз сапа мен стильге көңіл бөлеміз. Біздің тапсырыс берушілер мұны әрдайым атап өтеді. Қазір біз ассортиментті кеңейту бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Өнімдерді өткізу үшін зауыт аумағында дүкен ашылды. Өз тауарларымызды өтімі жоғары жерлерде сатуға әзірге мүмкіндік жоқ, - деді Нұрхан Жұмабеков.
Жеңіс Қасымбек «Сарыарқа» ӘКК арқылы сауда алаңын және қолдау тетіктерін ұсыну нұсқаларын қарастыруды тапсырды.
Облыс әкімі коронавирустық инфекцияның ықтимал екінші толқынына дайындық барысына да қызығушылық танытты. Абай ауданының Орталық ауруханасында қабылдау және пульмонология бөлімдері жөнделіп, газ толтыру станциясы орнатылды.
Сапар соңында өңір басшысы салынып жатқан тұрғын үйлерді, жаңа «Әдемі» және «Аққу» балабақшаларын аралап көрді. Жөнделген гүлзарлар мен аулалардың сапасын тексерді.
Әлі де атқарылатын жұмыстар жетерлік. Тұрғындардың жайлылығын жақсартуға және әл-ауқатын арттыруға бағытталған барлық мәселелерді біртіндеп шешетін боламыз, - деді Жеңіс Қасымбек.