Жазушының қазақ руханиятындағы орны ешқашан ұмытылмайды – Президент
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет және қоғам қайраткері, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай Таразда өтіп жатқан мерейтойлық іс-шараға арнайы құттықтау хат жолдады, деп хабарлаййды BAQ.KZ.
"Ақиқаттың алдаспаны, намыстың наркескені атанған ардақты Шерағаң саналы ғұмырын ұлт руханиятының дамуына арнаған қарымды қаламгер, қайраткер тұлға еді.
Сөз зергері Шерхан Мұртаза журналистикада тұтас бір буынды тәрбиелеп, таланттарға жол ашқан, өзіндік мектебін қалыптастырған қазақ баспасөзінің мәуелі бәйтерегі болды. Абыройлы азамат ретінде биік мінберлерде елдік мәселелерді көтеріп, ұлт мүддесі жолында аянбай күресті.
Жазушының қаламынан туған құнды туындылар уақытпен бірге жасап, өскелең ұрпақтың жадында жаңғыра берері анық. Оның қазақ руханиятындағы орны мен жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды" делінген құттықтауда.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Таразда Шерхан Мұртазаға арнап ескерткіш ашылды. Арнайы ғылыми конферения ұйымдастырылып, туған ауылы Жуалыда бірқатар іс-шаралар өтпекші.