Жазушылар Одағында Президент жолдауы талқыланды

Алматыда аға буын қаламгерлер Қазақстан Жазушылар Одағының ғимаратында бас қосып, Мемлекет басшысының "Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы" атты жолдауын талқылады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Кездесу барысында жазушылардың қоғамдағы рөлі, Жолдауды іске асыруда қаламгерлер қауымына артылған жауапкершілік тұрғысында әңгіме өрбітіп, өз ұсыныстарын ортаға салды.

Бізде салық саясаты өте қатал. Салықтың екі теңгесі төленбей қалса, есепшот жабылып қалады. Президентіміз жолдауында соны айтып отыр. Біз жазушылар мен ақындар кітап шығарамыз ғой. Сол кезде қосымша 12% салық төлейміз. Ал олар біздің кітапты шығару үшін қағаз, бояу сатып алатынымызды білмейді. Бұл керек-жарақтар шет елден келетіні тағы бар. Менің ойымша, банк жүйесіне заң шығару керек, бір бағытқа жүйелеу қажет. Президенттің жолдауындағы 8-9-пункттерде көкейде жүрген мәселенің барлығы айтылған. Сондай-ақ жолдауда айтылған АЭС мәселесіне қатысты жазушыларымыз да шет қалмай өз пікірін білдіруі керек, - деді Қазақстанның Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов.

Басқосу барысында ақын-жазушылар жолдаудағы банк, қаржы жүйесіне тоқталып өтті.

Биылғы Жолдаудың Түркістандағы және Атыраудағы жолдауларға қарағанда бұл жолғы құжаттың ерекшелігі - қаржы, банк секторларын бір бағытқа салу. Жолдауда көптеген ой айтылды. Бұған дейін банк қызметкерлерінің жұмысын дұрыс атқармауы, халықтың көпшілігі қарызға кіріп, банкроттыққа ұрынғаны болған еді. Мемлекет басшысы Amanat партиясының "Қарызсыз қоғам", "Ауыл аманаты" жобалары жайлы ойларын айтып өтті. Сондай-ақ сусидияларды агроөнеркәсіпке, ауыл шаруашылығына бағыттау керектігін айтты. Меніңше, бұл ойлар келешекте жүзеге асып, еліміздің ауыл шаруашылығының өнеркәсібі дамып, тасы өрге домалайды деген ойдамын, - деді ақын Алмас Ахметбекұлы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы