Жазушылар одағының мерейтойы үш арыстың рухына арналады – Бақыт Беделхан
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алдағы 9 желтоқсан күні Қазақстан Жазушылар одағы 85 жылдығын атап өткелі отыр. Одақтың мерейтойға қалай дайындалып жатқанын және қазіргі уақытта атқарылып жатқан істерімен танысу үшін Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері Бақыт Беделханмен сұхбаттасқан едік.
- Бақыт аға, Қазақстан Жазушылар одағының 85 жылдық мерейтойы құтты болсын. Алдымен талай зиялылардың ізі қалған осы Одақтың парақтарына үңілсек?
- Қазақстан Жазушылар одағы және "Қазақ әдебиеті" деген үлкен қаламгерлердің қара шаңырағына, қасиетті қазығына айналған газеттің, сонымен бірге "Жазушы" баспасы үшеуі 1934 жылы қатар құрылған. Бұл үшеуі де қазақ руханияты, қазақ әдебиеті үшін 85 жыл болды үлкен тарихи құбылыстар, өзгерістер, жаңалықтар, жақсы бағыт-бағдарлар жасап, ұлттың ұстынын жасап келе жатыр. Жазушылар одағының негізі 1934 жылы емес, 1926 жылы Алаш азаматтарының, оның ішінде Мағжанның алқа құруынан басталған. Олар алқаны құрып, Жазушылар одағының негізін, тұжырымдамасын жасаған. Кейінгі екі түрлі көзқарас Алашорда мен большевиктердің арасындағы дүние. Дегенмен екеуінің қосындысы айналып келіп 1934 жылғы құрылтайда Ілияс Жансүгіров одақтың алғашқы төрағасы болды. Оның негізін құрған адамдардың бірі Сәкен Сейфуллин еді. Одақтың түптамырына қан жүгіртіп тірілткен, жасаған Мағжан Жұмабаев. Оның Одақ болып қалыптасу тарихи тамырында Ахмет, Міржақып, Мағжан тұр, бергі жағында Сәкен, Сәбит, Ілияс сияқты тұлғалар бар. Бұлардың арасында әртүрлі көзқарас болғанымен ортақ мүдде, қазақ интелигенциясының, қазақ қаламгерлерінің басын қосатын Одақ құру мәселесі тұрды.
Кезінде идеологияға жұмыс істеген шығар, бірақ оның негізі қаланды. Содан бері ұлт үшін қызмет істеп келе жатыр, әлі де соның жалғасын таба бермек.
Алғаш құрылтай құрылғаннан кейін 1936 жылы Мәскеуде декада болған, яғни әдебиет, мәдениеттің онкүндігі өткен. Сол кезде де әдебиетшілердің ел тану, елді танытудағы үлесі ерекше болды. Оның басы-қасында Одақ басшылары, қазақ әдебиетінің алғашқы редакторлары болған Сәбит Мұқанов, Бейімбет Майлин сынды қаламгерлер жүрді.
Соғыс жылдарында да Жазушылар одағының қаламгерлері үлкен қаһармандықпен талайға үлгі болды. Мәселен, Мәлік Ғабдулин Совет одағының батыры атанды, партизан жазушыларымыз бар, Бауыржан Момышұлының өзі соғыста жүріп Одақтағы үлкен құрылтайларға, ой-пікірлерін айтып отырған. Соғыс жылдарындағы Сәбит Мұқановтың қазақ әдебиетін дүркіретуі бұл да тарихи кезеңдегі мәселелер.
1973 жылы Жазушылар одағының ұйымдастыруымен Азия ақын, жазушыларының бас қосуы да үлкен тарихи құбылыс болды. Бұл жиын үлкен резананс туғызған.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстан Жазушылар одағында да қаламгерлердің орны ерекше болды. Үкіметтен қамқорлық, материалдық көмек, совет кезіндегідей гонарар ағыл-тегіл болмаса да қалам ұстап, әдебиетімізді сақтап қалуға, ұлттың руханиятының негізі әдебиет екенін түсініп, осы жолда жанкешті шығармашылықпен айналысқан қаламгерлердің орны бөлек. Ол тұста Қалдарбек Найманбаев, кейін Нұрлан Оразалин ағамыз тізгінді қолға алып, қиын заманда Одақты ұстап тұрды. Бұл да үлкен ерлік. Ол кезде биліктен ешқандай қамқорлық жоқ, соның өзінде жоқтан бар жасап, Одақты жаңғыртып, жаңартып отырды.
- 9 желтоқсан күні өтетін мерейтойға дайындықтарыңыз қалай?
- Қазір Одақтың 85 жылдық мерей тойына қызу дайындық үстіндеміз. Бұл біз үшін үлкен жауапкершілік. Ол жай ғана алаулатып-жалаулатып өткізе салатын мерейтой емес. Бір сөзбен айтқанда 85 жылда не істелінді дегенге есеп беру. Сол есебіміз еңсеріліп, ел алдында баяндама жасасақ деген ниетіміз бар.
Онда Елбасымыздың бағдарламасы бар, қазіргі президентіміздің жаңа тапсырмалары бар соның басын қосатын, яғни соларды жұмылдыратын идеяға құрылады. Себебі бұл мерекелік қабылдау әрі Сәкен, Бейімбет, Ілиястың биыл 125 жылдығы. Осы пленум солардың рухына арналады. Өйткені Қазақстан Жазушылар одағының негізін қалаған Сәкен Сейфуллин болса, бірінші төрағасы Ілияс. Осы Одақтың құрылуына бар күшін жұмсап, "Қазақ әдебиеті" газетін жандандыруға атсалысқан адамның бірі сол Бейімбет. Сондықтан бұл тұлғалардың Жазушылар одағының құрылуына жасаған еңбегі ұшан теңіз. Ал Одақтың 85 жылдығында олардың мерейтойларын мәртебе етіп ұстау біздің міндет, парызымыз деп ойлаймын. Сондықтан үш арысты алға тұтып отырмыз. Оның арғы жағында Абайдың 175 жылдығы жалғасын табады. Мерейтойдың рухы Абайдың әнімен аяқталады, яғни оның арты ұлы ақынның 175 жылдығымен жалағасады деген дүние.
- Мерейтойға шетелден қонақтар шақырылған болар, кімдер келеді сол жайында айта отырсаңыз?
- Әрине, мерейтой болған соң шетелден көптеген қонақтар келеді. Оның ішінде Еуразия жазушылар одағы, Тюрксой, Ресей Жазушылар одағы, Тәжікстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түрікменстан және алыс жақын елдердегі Жазушылар одағының қаламгерлері шақырылып отыр. Қазақстан Жазушылар одағының 85 жылдық мерейтойын олар да көрсін, сезінсін деген ойдамыз. Өз республикамыз бойынша да қонақтар шақырылып жатыр. Ресми қонақтар 200-ден асады, өз қаламгерлеріміз бар сол 500-ден аса адам қатысады деп отырмыз.
Мерейтойға ҚР мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтан бастап билікте отырған біраз азаматтар, министрлер, облыс әкімдері қолдау көрсетіп отыр, оларда келеді. Алайда тікелей үлкен жүкті арқалап отырған Алматы қаласының әкімшілігі. "Тас түскен жеріне ауыр" дейді, Бақытжан Сағынтаев қолдау көрсетіп, көп көмектесіп жатыр.
- Одақтың қазіргі атқарып жатқан жұмыстары, тың жобалары жайлы айта отырсаңыз?
- Қазіргі басшылық құрам 2018 жылдың 12 наурызынан бастап келдік. Бұл аз уақыттың ішінде оңай шаруа атқарылған жоқ. Келгенде үлкен жауапкершілікпен, үлкен мақсат, мұратпен келді. Келе салып үлкен Еуразия форумы, Еуразия астаналарының ақын, жазушыларының форумы ұйымдастырылды. Баяғы 1973 жылдан кейін Азияның 40 мемлекетінің ақын, жазушыларының форумын өткізу үлкен дүние. Сондай-ақ қазақ ақын, жазушыларының шығармаларын әлемнің 6 тіліне аудару ісі қолға алынды. Бұл да Одақтың үлкен шаруаларының бірі. Ол алты тілге аударылып қана қоймай, Азия, Еуропа, Қытайда осы кітаптардың тұсаукесер рәсімі өткізілді. Бұл кітаптар "Қазақ әдебиетінің жауһарлары" деген сериямен шықты. Кейде елдер "неге бәленше жоқ, неге анау жоқ, мынау жоқ" деп жатады. Бұл дәстүрлі нәрсе, мәселен биыл 130-ға жуық қаламгердің еңбегі кірсе, кейін ол 200-ге дейін дәстүрлі түрде жалағасып кете береді. "Неге биыл 10 автор немесе бес-ақ автор" деп айтуға болмайды. Ең бастысы аударманы бастап алу, оның бастауында қазақтың үлкен классик қаламгерлері тұр. Кейін бұл ақырындап жалғасын таба береді. Сондықтан оған дау-дамай немесе көңіл толмастық пікір айтудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Өйткені бұл қазақ бар кезде жалғасын таба беретін жоба. Қазақ Жазушылар одағы тұрса, туы желбірей беретін бастама. Бұл басшылыққа біз келгелі атқарылған шаруалардың ең белдісі десек те болады.
Сонымен қатар, былтырдан бері "Әдеби өлкетану" жобасы жүзеге асып келеді. Онда Қазақстан Республикасындағы барлық тарихи жерлерді зерттеп, зерделеп кітап етіп шығарып, тарихқа табыстап жатырмыз. Басты міндеті – ақын, жазушылардың әрқайсысына еліміздің әр түкпіріндегі қасиетті киелі жерлердің бәрін зерттетіп, сол тұралы кітап жаздыру. Бұл да өз нәтижесін беріп жатыр. Кітаптар шетінен шыға бастады. Осы жоба бойынша кітап жазған жазушыларға ақша төленеді. Оның барып келу жолы тегін және 500 мың теңгеден гонарар төленіп отыр. Бұл да қаламгерлерге жазасалып жатқан қолдау. Бұрын өзің жазған дүниеңді өз ақшаңа басып шығарып жүрсең, мұнда жазғаның үшін қаламақы төленіп отыр. Үйде не істерін білмей жатқан қаламгерлер үшін үлкен жұмыс деп ойлаймын. Сонымен қатар, келесі жылдан бастап "Тарихи өлкетану" жобасын да қолға алғалы отырмыз.
Одақ ешкімнің қолына қалам беріп мынаны жаз деп ақыл айтпайды. Одақтың міндеті ақын, жазушыларға мүмкіндік жасап, соларды үйлестіре білу. Кейде "Жазушылар одағы неге жағдай жасамайды" деп айтып жатады, одақ жағдай жасайтын жер емес. Одақ барды үйлестіруші және соларға мүмкіндік жасаушы ғана. Жазушылар мен биліктің арасында алтын көпір бола отырып халықтың игілігіне, рухинаиятына қызмет етуші.
- Биылғы Жастар жылына орай Қарағандыда жастар форумын өткізіпсіздер. Жастарға тағы қандай қолдаулар көрсетіліп жатыр?
- Жастар жылына қатысты қатарынан екі форум өтті. Қарағандыда Жастар форумы өтті, оның нәтижесі бойынша біраз жаз қаламгерлерді Одақтың мүшелігіне қабылдадық. Соның аясында бірқатар жастың кітабы жарыққа шықты. Жастар жылы аясында сондай-ақ поэзиялық мүшайралар ұйымдастырылды, оның барлығын 35-40 жасқа дейінгі жастарға арнап жатырмыз. Сондықтан Жастар жылында Жазушылар одағының атқарған еңбегі орасан. Сол мүшайралардан іріктеліп шыққан 30 шақты жас қаламгерлер Одаққа мүшелікке үміткер болып отыр. Өткенде Жазушылар Одағы басқармасының ұсынысымен Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев жас қаламгерлерге грант тағайындады. Осы шаһарда тұратын 130 қаламгерге қала әкімінің 500 мың теңгелік ақшалай гранты табысталды. Бұлардың 70 пайызы жастар. Бұл грант қаламгерлердің шығармашылығына, болашақта ұлт үшін қызмет істеуіне көмек ретінде берілді. Жазушылар одағы қандай жағдай болмасын жастарға басымдық беріп келеді.
Әңгімеңізге рахмет!