Жазушы Медеу Сәрсеке дүниеден озды
Жазушы Медеу Сапаұлы Сәрсеке өмірден өтті. Жазушының қазасы жайлы ақын Дәулеткерей Кәпұлы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Медеу Сәрсеке ағамыз да мына жарық жалғаннан көшкен екен. Алдынан жарылқасын, - деп жазды Дәулеткерей Кәпұлы.
Медеу Сәрсеке – қазақ кен-металлургия институтын (қазіргі ҚазҰТУ) бітірген (1958). 1958 - 1959 жылдары «Жас Алаш» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, 1959 - 1963 жылдары Семей цемент зауытында мастер, аға диспетчер, өнертапқыштар бюросының бастығы, 1963 - 1965 жылдары «Егеменді Қазақстан» газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі, 1965 жылдан Қазақстан жазушылар одағының Семей облысаралық бөлімшесінде жауапты хатшы болды.
«Ғажайып сәуле» (1959), «Көрінбестің көлеңкесі» (1960), «Жетінші толқын» (1964), «От және атом» (1965) повестері жас жеткіншектерге арналған. Өндіріс адамдары жайлы «Жеті жылдықтың жігіттері» очерктер кітабы (1961), «Қаз қайтқанда» (1968), «Айшықты мезет» (1969) деректі повестері жарияланды.
«Сәтбаев», «Ебіней Бөкетов» (2005) атты деректі ғұмырнамаларын (1980, 1989), «Шығыс хикаясы» пьесасын (1971), «Жаңғырық» (1979), «Көмбе» (1985) романдарын жазды. А.Беляевтің «Қос мекенді адам» романын қазақ тіліне аударған.
«Құрмет» орденімен (2001), «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен (1970), Қазақстан Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.