Жазғы мамандықтар мектебі жұмысын бастады
Павлодар облысында оқушыларға арналған жазғы мамандықтар мектебі ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Павлодар қалалық оқу-өндірістік комбинатында өткен жазғы мектептің алғашқы легінде 200-ге жуық жасөспірім қамтылды. «Мамандыққа апаратын қадамдар» жобасы шеңберінде жеткіншектер «Бизнес», «Жас дәрігер», «Маркетинг», «Сұлулық студиясы», «Тігін шеберханасы», «Өзін-өзі анықтау туралы» бағыттары бойынша кәсіби бағдар алу мүмкіндігіне ие болды.
Комбинат директорының орынбасары Светлана Новоселованың айтуынша балалар іскерлік командалық ойындардың көмегімен экономика, менеджмент, маркетинг, бизнес және кәсіпкерлік мамандықтар бойынша ақпарат алып, білімдерін молайтады. Тіпті «Жас дәрігерлер» мектебінде адамдарға алғашқы көмек көрсету, жүрек-өкпе реанимациясы дағдыларын меңгереді.
Оқушылармен өткізілген жұмыс баланың дамуына оң әсерін тигізіп, ынталандырады. Ойын түріндегі тәжірибелік тапсырмалар жеткіншектерге кәсіби мамандықтар туралы түсірік береді. Бұл тектес курстар қыркүйек айында да болады. Біз 7-11 сыныптарға арналған бейіндік бағыттар бойынша түрлі шараларды ұйымдастырамыз. Сол кезде бала он мамандық бойынша курстарға қатысып, соңында тиісті құжаттарға да ие болады, - дейді комбинат директорының орынбасары Светлана Новоселова.
Айта кетейік жазғы каникулда 109 мыңнан астам оқушысы демалу, сауықтыру шараларымен қамтылады. Қазіргі уақытта өңірдің білім беру ошақтарының жанында 304 лагерь жұмыс істеп жатыр. Бұл жерде 43 мыңнан астам оқушы демалады деп жоспарланған.