Жазғы лагерьлер қатаң тексеріледі: 32 өтініштің тек бесеуіне рұқсат берілген
Комитет өкілдері ата-аналарға балаларын жіберер алдында лагерьдің санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысының бар-жоғын тексеруге кеңес береді.
Жаз мезгілінің басталуына санаулы күндер қалғанда еліміздегі балаларды сауықтыру лагерлеріне қойылатын санитариялық талаптар күшейтілді. Қазірдің өзінде лагерьлердің жұмысына рұқсат алу үшін ондаған өтініш түскен. Алайда олардың барлығы бірдей санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды ала алған жоқ, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, бүгінгі күнге дейін санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алу үшін 32 өтініш берілген. Оның ішінде тек 5 лагерьге рұқсат құжаты табысталған. Ал 2 өтініш бойынша дәлелді бас тарту берілсе, 24 өтініш әлі қаралып жатыр. Тағы бір өтінішті өтініш берушінің өзі кері қайтарып алған.
Комитет мәліметіне сүйенсек, балаларды маусымдық сауықтыру қызметімен айналысатын барлық ұйым жазғы маусым басталғанға дейін жыл сайын санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуы міндетті. Бұл құжат лагерьдің санитариялық талаптарға сәйкестігін растайды.
Мамандардың айтуынша, лагерьлерде тек ғимараттың тазалығы ғана емес, инженерлік желілердің жағдайы, ауызсу сапасы, желдету жүйесінің жұмысы, дезинфекция шаралары және қызметкерлердің медициналық тексеруден өтуі де қатаң бақыланады.
Атап айтқанда, жазғы маусым алдында лагерьлерде:
- жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары;
- аумақты қоқыстан тазарту және абаттандыру;
- ауызсу жүйелерін жуу және залалсыздандыру;
- дезинсекция мен дератизация;
- кешенді тазалық жұмыстары жүргізілуі тиіс.
Сонымен қатар лагерь қызметкерлері міндетті медициналық тексеруден өтіп, гигиеналық оқудан өтуі қажет.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті өңірлерде түсіндіру жұмыстарын да күшейткен. Ведомство дерегінше, жазғы сауықтыру ұйымдарының басшыларымен және білім беру басқармаларымен 103 семинар, 229 консультация және 61 кеңес ұйымдастырылған.
Комитет өкілдері ата-аналарға балаларын жіберер алдында лагерьдің санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысының бар-жоғын тексеруге кеңес береді. Мұндай рұқсаты бар ұйымдардың жаңартылған тізімі апта сайын комитеттің ресми сайтында жарияланып отырады.