Жазғы демалыс маусымына дайындық жүріп жатыр

Алакөл көлінің жағалауы туристер қызығатын ең тартымды орындардың бірі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Көпшілік Жетісу маржаны атап кеткен көлде өткен жылы 1,5 млн адам демалды, көрсетілген қызмет көлемі 9,4 млн теңге.

Облыстық туризм басқармасының мәліметінше, осы кезеңде Алакөл көлінің жағалауында демалушыларға арналған 281 нысаны жұмыс істейді. Бүгінгі таңда нысан иелері жазғы маусымға дайындық жұмыстарын аяқтап қалды. Биыл жалпы сомасы 2,5 млрд. теңгеге жеке инвестициялар есебінен тағы 14 жаңа нысанды іске қосу жоспарланған.

Жол қатынасының қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін субсидияланатын авиарейстер, атап айтқанда «Астана-Үшарал-Астана», «Алматы-Үшарал-Алматы» әуе рейстері аптасына 4 рет, «Талдықорған-Үшарал-Талдықорған» бағыттары күн сайын 2 мәрте ұшады. Бұл ретте жазғы маусымда рейстерді күніне 3 ретке дейін ұлғайту мүмкіндігі бар. Сондай-ақ Алматы, Астана қалаларынан, Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облысынан 11 теміржол рейсі жүреді, соның ішінде «Астана-Достық» бағытындағы «Тальго» пойызы да бар. Автомобиль қатынасына келсек, бүгінде «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» автожолында 313,5 шақырымның 311 шақырымына жол төсемі жабылған.

Қауіпсіздік талаптары да ескерілуде. Жазатайым оқиғаларды болдырмау мақсатында Алакөл көлінің жағасында 35 тиісті белгі орнатылып, 10 құтқарушы жасақ тегін оқытылды. ТЖД бөлімшесінде 7 жүзу құралы, 12 бірлік сүңгуір жабдықтары, сондай-ақ құтқару құралдары дайын. Бұл ретте өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Ақши мен Көктұма ауылдарында уақытша өрт сөндіру бекеті құрылады. Ақши ауылында медициналық пункт және полиция пункті жұмыс істейді.

Абаттандыру мәселелері де шешілуде. Бүгінгі таңда көл жағалауында 12 санитарлық-гигиеналық торап бар. Қосымша 10 биодәретхана орнатылды. Жазғы маусымда қатты тұрмыстық қалдықтар күн сайын шығарылып, санитарлық тазарту жүргізіледі. 130 қоқыс жәшігі орнатылған. Көл жағалауында кәріз және кәріз тазарту жүйелерінің құрылысы, Ақши ауылының электр жүйесін қайта жаңғырту мен салу сияқты бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жалғасуда.

Байланыс мәселелеріне келсек, осы кезеңде көл жағалауында 3G/4G технологиясы бойынша барлық байланыс операторларының («Билайн», «Теле2/Алтел», «Кселл/Актив») мобильді интернеті жұмыс істейді. Сондай-ақ «Кар-Тел» ЖШС («Билайн») жағалауда қосымша базалық станциялар орнату мүмкіндігін қарастыруда. Осы орайда «Кселл» АҚ жазғы маусымда жағалауға жылжымалы базалық станциясын бағыттайтын болады.

Еске салсақ, ресми түрде Жетісу облысындағы Алакөл көлінің жағалауында жазғы маусым 5 маусымда басталады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Жетісу облысы әкімдігінен
Өзгелердің жаңалығы