Жазда шөлге айналады. Депутат жекеге өтіп келген су қоймаларын мемлекетке қайтаруды ұсынды
«Жер аманаты» комиссиясының мүшесі, депутат Бақытжан Базарбек Премьер-министр Әлихан Смайыйловқа жолдаған сауалында су мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Менің алдымда сөз сөйлеген депутат Пономарев өте маңызды мәселені көтерді. Мен оны толықтай қолдаймын. Өйткені, су – өмірдің өзегі, тіршіліктің көзі. Оны тиімді пайдалану, барынша үнемдеу өте өзекті. Әріптестер, дабыл қағатын уақыт келді. Мысалы, 2040 жылы елімізде су тапшылығы 15 млрд текше метр болады. Бұл шамамен Арал теңізіне пара-пар су. Ойлап қараңыздаршы, еліміз таза ауыз су ретінде пайдаланатын судың көлемі кемі 50%-ға азаяды. Сонда әрбір екінші менің отандасым ауыз сусыз қалады деген сөз емес пе?! Ал ауыз сусыз адам 3 күн ғана өмір сүретін білесіздер. Бұл өте қауіпті, - деді депутат.
Бақытжан Базарбектің айтуынша, еліміздің даласы көктемде көлге айналса, жазда шөлге айналады.
Бұл мәселе жыл сайын қайталанып отырса да, әлі күнге шешілер емес. Табиғаттың бізге берген ресурсын құмға құйып жатырмыз. Мәселен, Кеңес кезінде әрбір совхоз жауын-шашын мен қар суын жинайтын. Шағын су қоймалары болатын. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев су тапшылығы мәселесін дер кезінде көтеріп, арнайы 20 жаңа бөген салу мен 3,5 мың шақырымдық каналды жаңғыртуды тапсырды.Бірақ бүгінгі Үкіметтің салғырт әрі баяу қимылынан жақын арада Қазақстандағы су тапшылығы мәселесі шешімін таппайтындай көрінеді. Оған бірнеше дәлеліміз бар, - деді ол.
Базарбектің айтуынша, ресми деректер бойынша, елімізде 1478 гидротехникалық құрылғы бар.
Оның ішінде 342 – су қоймасы, 219 – дамба, 119 – су торабы, 313 – тоған бар. Олардың 333 республикалық меншікте, 895-і – коммуналдық меншікте, ал ең қызығы 228-і жеке меншікте болса, 22-і – иесіз екен. Су қоймалары ең басты стратегиялық нысан. Сондықтан еліміздегі мұндай маңызды су сақтау нысандарының көпшілігінің жекелешеленіп кеткендігі бізді қатты алаңдатады. Су қоймалары мен көлдердің қожайындарының не істеп, не қойып жатқаны белгісіз. Олардың қаншалықты тозығы жетіп тұр, оны нығайту бойынша қандай шаралар қолға алынған, ол жағы да беймәлім. Жеке меншік нысан болғаннан кейін оның аумағына ешкім бас сұқпайды. Мемлекеттік бақылаудан да тыс қалуда.Ал жекелеген фактілер бойынша, мемлекеттік жер кадастрі базасында тіпті табиғи жолмен қалыптасқан көлдер жер телімі ретінде беріліп кеткен. Қожайындары көлдерді қоршап, халықтың наразылығын тудыруда. Бұл жағдай, кемінде 5-6 облыста кездесетін жай, - деді Бақытжан Базарбек.
Ол атап өткендей, еліміздегі осындай нысандарға толықтай түгендеме жасап, жай-күйін нақтылау, қажет болса, оларды тез арада мемлекет меншігіне қайтару – кезек күттірмес іс.
Мысалы, плотиналардың салынғанына 30-40 жылдан асса, онда апат болу қаупі артады екен. Ал бұлардың жай-күйі қандай, қаншасының тозығы жеткен, қаншасына жөндеу жұмыстары қажет деген мәліметтер анық емес. Бұл жауапты мемлекеттік мекеме тарапынан бақылау мен мониторингтің әлсіздігін көрсетеді. Су пайдаланудағы келесі бір маңызды нысан – каналдар. Мәліметтер бойынша, елімізде шамамен 3,5 мыңдай магистралдық және шаруашылық каналы бар. Олардың жартысынан астамының әбден тозығы жеткен. Соның салдарынан 60% су құрдымға кетіп жатыр. Бұл – үлкен шығын. Демек, бар судың өзін ысырап етіп, дұрыс пайдалана алмай отырмыз. Нағыз үнемдеу осы жерде, - деді ол.
Депутат атағандай, каналдардың кімнің иелігіндегі екені де анық емес.
Судың сұрауын сұрайтын кез жетті. Қасым-Жомарт Кемелұлының осыған ерекше назар аударып, каналдарға қатысты берген тапсырмасы өте орынды. Оны толығымен қолдаймын. Бұл мәселені өткен аптада әріптесім Болатбек Нажметдинұлы да көтерген болатын. Судың жайы бәрімізді де алаңдатып отыр. Осыған орай мәселенің маңыздылығын ескере отырып, «AMANAT» партиясы жанынан арнайы комиссия құру қажет деп санаймын. Партияның «Жер аманаты» аясында жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтарудағы табанды іс-әрекеті көпке белгілі. Осы тәжірибені каналдарға қатысты да қолдануға әбден болады, - деді ол.
Депутат бірқатар ұсыныс айтты:
- еліміздегі жеке меншікке өтіп, бірақ қараусыз қалған, жұмыстары үйлестірілмеген су қоймаларын, дамбаларды, көлдерді, бөгендерді және тағы да басқа стратегиялық маңызды су нысандарын мемлекет балансына қайтару шараларын қолға алу;
- су ресурстарын ұтымды пайдалану маңызды.
Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол беріп, талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылуы тиіс деп есептеймін, - деді Бақытжан Базарбек.