Жазда оқушылар қалай және қайдан жұмыс таба алады?
“ЕРДО” АҚ бас сарапшы-талдаушысы Нұрсәуле Еркінқызы 14 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер жұмысты қайдан таба алатынын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жазғы уақытта жұмыс істегісі келетін 14 пен 18 жас аралығындағы оқушылар мен студенттер жұмыс істей алады. Ол үшін "Электрондық еңбек биржасы" (enbek.kz) порталында "Менің жазғы демалысым" атты арнайы бөлім жұмыс істей бастады. Бұл бөлім платформаға тіркелуге, түйіндеме жасауға және қолайлы бос жұмыс орындарын іздеуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ бұл бөлім оқушылар мен студенттерге жазғы демалысты тиімді өткізіп қана қоймай, алғашқы еңбек тәжірибесін жинауға және еңбек дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді, - деді сарапшы.
Жұмыс берушілер өз кезегінде 14 жастан бастап “жұмысқа қабылдау мүмкіндігі бар” деген белгісі бар бос жұмыс орындарын жариялай алады.
14-16 жас аралығындағы жасөспірімдер үшін жеке кабинетті тіркеу және құру заңды өкілдері арқылы жүзеге асырылады.
Сонымен қатар ата-аналар мен заңды қамқоршыларға enbek.kz порталынан баласының әрекеттері туралы хабарламалар жіберіліп отырады.
Еске сала кетейік, осыған дейін балаларға арналған жазғы демалыс және сауықтыру науқаны басталғаны айтылған. 2025 жылдың жазғы кезеңінде 3,2 млн оқушы сауықтыру, демалыс және жұмыспен қамтудың түрлі бағдарламаларымен қамтылады. Сонымен қатар Алматыда жазғы мектеп лагерьлері ашылғанын жазған болатынбыз.