Жазда D витаминін қабылдау қажет пе?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматылық дәрігер-педиатр Жайна Батырханқызы D витамині туралы көпшілік біле бермейтін деректерді айтып, жас шамасына қарай әр адамға қандай мөлшерде витамин қабылдау керек екенін түсіндіріп берді.
Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында айтты.Оның айтуынша, Қазақстанның негізгі бөлігі төмен инсоляция аймағында орналасқан.
Инсоляция дегеніміз - жер бетінің күн радияциясымен сәулеленуі. D витамині - ультракүлгін сәулелену спектрі әсерінен түзіледі. Ультракүлгін сәулелер терезеден, киімнен, күннен қорғайтын кремдер арқылы теріге өтпейді. Бұл дегеніміз ағзада D витамині күн сәулесі арқылы түзілмейді дегенді білдіреді, - дейді ол.
Дәрігер күн сәулесінің максималды белсенділігі қай кезеңге сәйкес келетінін айтты.
Күн сәулесінің максималды белсенділігі, пайдалы сәулеленуі сағат 11:00 мен 14:00-ге дейінгі аралықта. Осы аралықта күннен қорғану шараларын жасамай (шапка кимей, күннен қорғайтын кремдер жақпай, жеңі ұзын киім кимей) жүрсеңіз, D витаминін күн сәулесінен аз мөлшерде алуға болады. Бірақ көбіне мүмкіндік бола бермейді, себебі күннен қорғанбай жүретін болсақ та, күн өту қаупі бар. Ал күн өту бала денсаулығына кері әсерін тигізеді, - деп атап өтті ол.
Жайна Батырханқызының сөзінше, сол себепті де жаз айларында D витаминінің профилактикалық дозасын үзбей қабылдауға кеңес беріледі.
Ол профилактикалық мақсатта D витаминін қанша мөлшерде беру керек деген сұраққа жауап берді.
- 0-4 ай 500 МЕ (1 тамшы);
- 0-4 айлық шала туылған балалар үшін 800-1000 МЕ (2 тамшы);
- 4 ай - 4 жастағы балаларға 1000 МЕ (2 тамшы);
- 4 жас - 10 жас аралығындағы балаларға 1500 МЕ (3 тамшы);
- 10 жас - 16 жас аралығындағы балаларға 2000 МЕ (4 тамшы);
- Ересектерге 1000 МЕ;
- Жүкті және емізулі аналарға 800-1200 МЕ дозасын қабылдау қажет.