Жазда азық-түлік арзандауы мүмкін
Ұлттық банк жаз айларында азық-түлік бағасының маусымдық төмендеуі инфляцияны баяулатады деп болжап отыр.
Қазақстанда жаз айларында азық-түлік бағасының өсу қарқыны баяулауы мүмкін. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлеме бойынша өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, елде инфляцияның төмендеу үрдісі байқалып отыр. Бұл жағдай маусымдық факторлармен де байланысты.
Жалпы инфляция төмендеп келеді. Қазір біз жазғы маусым қарсаңында тұрмыз. Әдетте жаз мезгілінде азық-түлік тауарларының бағасы маусымдық факторлардың әсерінен төмендейді. Сондықтан маусым, шілде және тамыз айларында дезинфляциялық процестерді күтіп отырмыз, – деді Ұлттық банк төрағасы.
Сүлейменовтің сөзінше, инфляцияның баяулауы жалғаса берсе, реттеуші базалық мөлшерлемені одан әрі төмендету мүмкіндігін қарастыруға дайын.
Ұлттық банктің мәліметіне сәйкес, мамыр айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 10,4%-ға дейін төмендеді. Сонымен қатар азық-түлік инфляциясы да баяулап, 10,7%-ды құрады. Бұған жеміс-жидек пен көкөніс бағасының тұрақтануы, сондай-ақ бірқатар әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қымбаттау қарқынының бәсеңдеуі әсер еткен.
Айта кетейік, бүгін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-дан 17%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Реттеуші бұл қадамды инфляциялық қысымның әлсіреуімен және макроэкономикалық көрсеткіштердің жақсаруымен байланыстырды.