Жазда айналымға жаңа 10 мың теңге шығады
Ұлттық банктің қорларды талдау және жоспарлау басқармасының бас маманы Әмина Жолмырза номиналы 10 мың теңгелік мерейтойлық және сериялық банкноталардың дизайнындағы айырмашылық туралы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстан Ұлттық банкі 2023 жылы 15 қарашада Қазақстан Республикасы Ұлттық валютасының 30 жылдығына орай номиналы 10 000 теңгелік мерейтойлық банкнотаны айналымға шығарды. Банкнотаның тиражы шектеулі, барлығы 3 млн дана шығарылды. Бұл банкнотада бейнеленген негізгі кескіндер – облыстарға бөлінген Қазақстан картасы және теңгенің «₸» белгісі бар монета. Бұл мерейтойлық банкнота қазір айналымда жүр және заңды төлем құралы саналады, - дейді Ұлттық банк маманы.
Айта кетейік, мерейтойлық банкноталар мемлекеттік және тарихи оқиғаларға арналып, шектеулі тиражда шығарылады. Мерейтойлық банкноталарды шығару – көптеген елде бар, кең тараған тәжірибе. Ал банкноталар сериясы жалпы қолма-қол ақша айналымына арналған.
Бұл ретте, 2024 жылғы жазда жаңа «Сақ стилі» банкноталар сериясы аясында жалпыға ортақ жаңа дизайндағы 10 000 теңгелік сериялық банкнотаның айналымға шығарылатыны туралы хабарлау жоспарда бар. Жаңа «Сақ стилі» сериясының 10 000 теңгелік банкнотасы әлі қолма-қол ақша айналымына түскен жоқ. Банкноталардың жаңа сериясы дәстүрлі қазақ ою-өрнегінің бастауы саналатын және көшпенділердің бірегей мәдениетінен қазіргі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейтін «Сақ стилі» элементтеріне негізделген, - деп түсіндірді Әмина Жолмырза.
Оның айтуынша, 10 000 теңгелік сериялық банкнотаның айналымға шығатын күні туралы ақпарат, оның дизайны мен қорғаныс элементтерінің толық сипаттамасы қосымша хабарланады.