Жазасын өтеушілер Абай өлеңдерін оқыды

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ИЧ-167/9 мекемесіндегі сотталғандар арасында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай ақынның еңбектерін дәріптеуге арналған байқау өткізілді.

Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің және облыстық ҚАЖ департаментінің ұйымдастыруымен өткізілген бұл іс-шараға он алты сотталған қатысып, Абайдың өмірбаяны мен шығармаларын жатқа айтты.

Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде байқауға қатысушылар музыкалық аспаптың сүйемелдеуімен ақынның өлеңдері мен қара сөзінен үзінді монолог оқыды. Қысқа сахналық қойылымдар қойылды.

Екінші кезеңде қатысушылар ақын Абайдың қара сөздері мен өлең жолдарынан ислам дініне қатысты қойылған сұрақтарға жауап берді.     

  

Бұл іс-шараның мақсаты - сотталғандарды ұлы ақын және ойшыл Абайдың шығармашылығымен қара сөздері және өмірбаянымен таныстыру. Абай туралы қарапайым түсінік беріп қана қоймай, оны ата-бабалар мұрасы ретінде тануға, құрметтеуге, түсінуге үйрету. Абай өлеңдері еңбекке, ғылым, өнер үйренуге, адамгершілікке тәрбиелейді. Сол себепті ұлы ақынның шығармалары мен қара сөздерін сотталғандардың жатқа айтып орындауы олардың түзелуіне үлкен септігін тигізетіні анық, - дейді ҚАЖ департаменті бастығының міндетін атқарушы Айдар Нурсеитов. 

Абайдың өмірбаяны мен қара сөзерін жатқа айтып, қойылған сұрақтарға толық жауап берген сотталған Манат Сманов қазылар алқасымен үздік деп танылып, алпыс мың теңгелік сертификатқа ие болды.


 

2-ші орын екі сотталғанға бұйырып, әрқайсысы елу мың теңгелік сертификат алды. 3-ші орынға үш сотталған лайықты деп танылып, олардың әрқайсысы отыз мың теңгелік қаржылай сертификатқа ие болды. Бұл қаржылай ұтыстары сотталғандардың жеке есеп шоттарына аударылатын болады, - деп хабарлады Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі.      

Онымен қоса өзге де қатысушыларға заттай кәде-сыйлар үлестірілді. Қызықты әрі тартысты өткен байқауға қатысқан сотталғандар осы іс-шараны ұйымдастырып, демеушілік жасаған облыстық Қоғамдық даму басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығына» алғыстарын білдірді.  

 

 


 

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы