Жазасын өтеушілер қорғаныш костюмдерін тігуде

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысындағы түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар обадан қорғайтын костюмдер тігуге кірісті. Аталған жұмыс үшін жазасын өтеушілерге сыйақы тағайындалады.

Бұған дейін өңірдегі колонияларда медициналық маскалар тігу қолға алынған. Ақмола облысы Қылмыстық атқару жүйесі басқармасының баспасөз хатшысы Ирина Горнованың айтуынша, Степногорск қаласындағы ЕЦ 166/18 колониясының цехы қорғаныш киімінің алғашқы үлгілерін тігуге кіріскен.

Атбасар, Степногорск және Гранитныйдағы түзеу мекемелерінде 87 адам маскалар тігумен айналысуда. Сондай-ақ, құқық қорғау органдарына арналған форма, күзет фирмалары, аурухана, балабақша сияқты әлеуметтік нысандар үшін де арнайы киімдер тігіледі. Ендігі кезекте обадан қорғайтын костюмдер тігуді қолға алды. "Еңбек" РМК филиалдарында 400-ге жуық жазасын өтеушілер еңбек етуде. Олар тігіншілікпен ғана емес, ағаш, металл өңдеумен де айналысады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы үшін балалар алаңдары, орындықтар, контейнерлер, шағын сәулет үлгілері, клумбалар, қақпа, терезе торлары сияқты бұйымдар шығарады, - дейді Ирина Горнова.

Бір атап өтерлігі, колониялардағы тігін цехтарында мемлекеттік тапсырыс жоқ. Барлық тапсырыстар бірреттік қана болғанымен, өнім сапасында еш кемшілік жоқ.

Еңбекпен қамтылған жазасын өтеушілер атқарылған жұмыс көлеміне қарай 20 мыңнан 40 мың теңге аралығында жалақы алады.

Осы уақытқа дейін түзеу мекемелерінде 60 мыңнан аса маскалар тігілген. ҚР ІІМ бекітіліп сертификатталған материалдардан тігілген қорғаныш құралдары құқық қорғау органдары, дәріханалар, мемлекеттік ұйымдар, кәсіпорындарға жіберіледі.  

ІІМ министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасы бойынша өндірісте маскалар тігумен айналысатын жазасын өтеушілерді сыйақы тағайындау туралы шешім қабылданған.

Сыйақы барлығына жалақыға қосымша төленеді. Бірақ оның сомасы еңбек өнімділігіне қарай әркімге әрқалай. Бірреттік сыйақы жеке шоттарға аударылады, - деп түсіндірді Ирина Горнова.

Маскалар өндірісі әлі де жалғасады. Жазасын өтеушілер цехта күніне түскі үзіліспен сегіз сағат жұмыс істейді.

Қылмыстық атқару жүйесі басқармасының өкілі түзеу мекемелері үшін пандемия өте қауіпті екенін айтады.

Бір-екі жағдай орын алса, барлығына қауіп төнеді. Сондықтан да қауіпсіздік шаралары қолға алынған. Барлық колониялар маскалармен қамтылған. Күніне үш мезгіл арнайы құралдармен дезинфекция жұмыстары жүргізіледі. Кездесулерге тыйым салынды. Жазасын өтеушілер белгіленген уақытта жақындарымен бейнебайланысқа шыға алады, - дейді Ирина Горнова.

Ақмола облысындағы түзеу мекемелерінде екі мыңға жуық жазасын өтеушілердің 700-і жұмыспен қамтылған. "Еңбек" РМК кәсіпорындарында 400-ге жуық адам еңбек етуде.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы