Жазғы футбол трансфері ашылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда футбол маусымының екінші трансферлік тіркеу кезеңі басталды.
Отандық футбол клубтары Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының жарыстарына қатысу үшін жаңа ойыншыларды тіркей алады.
ФИФА келісімімен аталған кезеңнің бір аптасы 2021 жылдың көктеміндегі трансферлік кезеңге ауыстырылады. Егер 2020 жылы жерлігікті жарыстарды аяқтауға мүмкіндік болмаса, бұл шешім өз күшіне енеді.
Сондықтан ФИФА шешімімен ойыншыларды жазғы тіркеу кезеңі 20 шілдеде басталып, 9 тамызда аяқталады. Яғни 21 күнге созылады.
Қазірдің өзінде клубтар қызу жұмысты бастап кетті. Алматының "Қайраты" Вагнер Лав пен Кирил Колесниченконы тіркеп үлгерді. Бразилиялық шабуылшы төртінші турдан бастап, чемпионат көрігін қызыдыра алады.
Қарағандының "Шахтері" Еркебұлан Нұрғалиевпен қош айтысып, орнына "Каспийден" Еркін Тапалов пен Айдос Тәттібаевты алды. Соңғысы, Қарағанды футболының түлегі. Бұрын да "Шахтер" сапында ойнаған.
Қазір ел мен әлем пандемияға байланысты қиын жағдайға тап болды. Мен өз отбасыма жақын болғым келеді. Қарағандыдан да ұсыныс болды. Сондықтан Ақтауда қаншалықты жақсы ойнасам да, өзімнің бұрынғы клубым "Шахтерге" оралуға шешім қабылдадым. Маған Ақтауда бәрі ұнады. Каспий теңізі таңдандырды, бұл қаланың ерекше көрінісі еді. Мұндағы алаң да маған ұнады. Осындай стадион Қазақстанның барлық қалаларында бірдей бола бермейді. Жалпы клуб та, жігіттер де - бәрі керемет, - дейді Тәттібаев.30 жастағы шабуылшы 2019 жылы бірінші лигада 22 ойында 19 голмен (пенальтиден жеті) көзге түскен. Маусым соңында бірінші лиганың ең үздік шабуылшысы атанып, 19 жылдан кейін "Каспийдің" жоғарғы дивизионға оралуына көмектесті.
Жалпы, "Каспийдің" жағдайы қиындап қалды. Бұл екеуінен "Астана" клубынан жалға алған тағы екі ойыншысы кетіп қалды.
Нақтырақ айтқанда, жартылай қорғаушы Сұлтан Сағынаев пен шабулшы Рамазан Кәрімов команда сапына қайта оралды.
Екі футболшы да маусымның алғашқы бөлігін "Каспий" сапында жалда өткізді. Қазақстан чемпионаты екі рет үзілгендіктен, олар Ақтау клуб сапында екі ойынға ғана қатысты.
Қазіргі уақытқа дейін 21 жастағы Кәрімов "Астана" жейдесінде үш ойын өткізіп, бір гол соққан. Ал 20 жастағы Сағынаев елорда командасы сапында 8 ойын өткізген.