Жайықтың проблемасы қалай шешіледі?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр Жайық өзенінің проблемасы қалай шешілетінін айтты.
Роман Скляр Жайық өзенінің су деңгейінің төмендеуіне, еліміздің су қорын ұлғайтуға және Батыс өңірлерінде су тапшылығы мәселелеріне қатысты депутаттардың сауалына жауап берді.
Айтуынша, Жайық өзені бассейніндегі экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында Ресей тарапымен бірлескен іс-шаралар барысында 2020 жылғы 4 желтоқсанда «Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау және қалпына келтіру жөніндегі 2021-2024 жылдарға арналған Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы бағдарламасына» қол қойылды және өзеннің сулылығын арттыру мәселесін бірлесіп шешу үшін «Ірі өзендер бассейндерінде (Жайық, Ертіс және басқалары) зерттеулер жүргізу бойынша ынтымақтастықты жандандырудың бірыңғай жол картасы» бекітілді.
Бағдарламаның бірінші бағытының шеңберінде «Жайық трансшекаралық өзенінің бассейніндегі ағынды реттеудің салдарын экологиялық бағалау және Жайық трансшекаралық өзенін сақтау және қалпына келтіру бойынша ғылыми негізделген ұсыныстар әзірлеу» тақырыбы бойынша ғылыми-зерттеу жұмысына техникалық тапсырма әзірленді. Бұдан басқа, көктемгі өр суы келер алдында трансшекаралық өзендердің гидрометереологиялық жағдайларын ескере отырып, Ресей Федерациясымен су бөлу көлемін ұлғайту жұмыстары жүргізілуде, атап айтқанда, Жайық өзеніндегі су деңгейін сабалық кезеңде ұстап тұру үшін маусым-тамыз айларында Ирикла су қоймасынан су өтімін 30 м3 /с дейін көбейту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, - деп айтты Үкімет мүшесі өз жауабында.
Ол депутаттық сауалға жауапта Жайық өзенінен су тұтынуды пайдалануды азайту үшін сумен жабдықтаудың жерасты көздеріне кезең-кезеңімен көшу туралы шешім қабылданғанын жазды.
Батыс Қазақстан облысында су тапшылығын болдырмау және халықты тұрақты сумен жабдықтауды қамтамасыз ету мақсатында, биыл тәулігіне 1000 текше метр төмен көлеммен 16 ұңғыманың пайдалану қасиеттерін қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізілді. 2015-2021 жылдар аралығында 224 елді мекеннің жер асты су қоры барланып, 13 кен орнына қайта бағалау жұмыстары жүргізілді. 2022-2024 жылдары аралығында елді мекендерді жер асты суымен қамтамасыз ету үшін 7 кен орнының қорын қайта бағалау жұмыстары жоспарланған, - деп түсіндірді Скляр.
Сондай-ақ Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы Шығыс Тайсойған жер асты су қорынан су алу үшін қосымша іздестіру-барлау жұмыстарын жүргізу жұмыстары жоспарланып отыр.
Су қоймалары мәселесі жөнінде Батыс Қазақстан облысында екі су қоймасын салу және бір жаңарту көзделген.
Ресейден Еділ суын беру жөніндегі қызметтерге республикалық бюджеттің шығындарын 30%-ға дейін төмендету және 12 мыңнан астам тұрғындарды сумен қамтамасыз ету үшін Казталов ауданының Жалпақтал ауылынан жоғары Қараөзен өзенінде көлемі 28 млн текше метрге дейін болатын су қоймасын салу бойынша жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалды, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды және оны іске асыру 2022-2024 жылдарға жоспарланып отыр.
Сонымен қатар жобалық сыйымдылығы 10-12 млн текше метр құрайтын Казталов ауданының Сексенбай ауылы тұсынан су қоймасы құрылысына қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздеме дайындалып жатыр. Бұдан басқа, Киров су қоймасын реконструкциялау үшін жобалаусметалық құжаттама дайындалды, оның құны 2,6 млрд теңге, жобаны іске асыру 2022-2024 жылдарға жоспарланып отыр, - деп атап өтті Роман Скляр.
Жайық өзенінен су тұтыну мөлшерін азайту мақсатында суландыру жүйесін реконструкциялау, қайталама су пайдалану, егін шаруашылығында тамшылатып, жаңбырлатып суару әдістерін қолдану механизмдері қарастырылып жатыр.