Жайықта бөгет жарылғанда үйінде ұйықтап қалған ер адам қалай құтқарылды

10 күн бұрын Оралда полицей, Ұлттық ұлан қызметкері және қарапайым тұрғын ағыспен ағып бара жатқан ер адамды құтқарғаны белгілі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жайықтың жағасында бірінші саяжай аумағында болған оқиғаның мән-жайы «Біз біргеміз» ұлттық телемарафоны эфирінде айтылды.

Полицейлер мен құтқарушылар халықты қауіпсіз жерге көшіріп жатты. Кенет уақытша бөгет жарылып, саяжайды су басты. Кіші сержант Әміржан Білезов бір ер адамның судың құрсауында қалып, ағыспен ағып бара жатқанын көреді.

Қасымда Ұлттық ұлан жауынгері болды. Үлкен кісі қатты ағыспен ағып келе жатқанын байқаймыз. Ол кезде бізге көмектескен құтқарушылар және де сол қарапайым халқымыз көмектесіп, судан үлкен кісіні аман-есен алып шықтық, - деді Әміржан Білезов.

Әміржанның қасында еріктілермен қатар Ұлттық ұлан қызметкері ефрейдер Нұрбол Ахат та болды. Азаматтар қол ұстаса ағысқа қарсы тұрып, адамды ажалдан арашалап қалды.

Үйлерінде қалып кеткен саяжай тұрғындары болмасын деп эвакуация жасап, судың келе жатқандығын дереу барлық үйлерге ескертіп, қауіпсіз аймаққа шығардық. Бұл кісі үйінен шықпай, ұйықтап қалған, - деді Нұрбол Ахат.

Айта кетейік, сол күні мұздай суды белуардан кешіп, көмек қолын созғандардың бірі саяжай тұрғыны Ахат Әбілғазиев болды. Ол ағыстың қатты болғаны сонша, қолы қарысып қалғанын айтады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ТЖД баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы