Жайық өзеніндегі су деңгейі 4 сантиметрге түсті
Бұл туралы БҚО әкімінің баспасөз қызметінің басшысы Ерхан Таткен Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Су тасқыны басталғалы бері 13 980 адам эвакуацияланды, оның ішінде 5782-сі балалар. Бүгінгі таңда облыс бойынша 12 эвакуациялық пунктке 2487 адам орналасты. Оларға қажетті заттар мен азық-түліктер уақытылы жеткізілуде. Тұрғындарға тұрақты негізде медициналық бақылау жүргізілуде,- деді маман.
Сондай-ақ су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек көрсету жұмыстары жалғасуда.
Жергілікті бюджет есебінен біржолғы әлеуметтік көмек берілуде. Бүгінгі таңда 1541 адамға 561 млн теңгеден астам қаржы төленді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. Өңіріміздегі су тасқынына қарсы іс-шараларға облысымыздан және басқа аймақтардан барлығы 11 мыңға жуық адам, 2 мыңнан астам техника жұмылдырылды. Кеше олардың ішінен 300-ге жуық әскерилер өңірдегі миссиясын аяқтап, Оралдан Атырауға жол тартты. Бұдан бөлек, ертеңгі күні де бірқатар күштік құрылымдардың қызметкерлері басқа өңірлерге аттанады,-деді ол брифинг барысында.