Жайық өзенін қорғау жұмыстары 2024 жылға дейін аяқталады – министрлік
Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазір Ресейде Волга өзені бойынша оны қалпына келтіру мен сақтап қалу үшін ауқымды федералдық бағдарлама жасалып жатыр. Бұл – Каспий теңізін толықтыру көзінің бірі. Волганың жылдық ағыны 250 млрд куб метр суды құрайды. Мұнымен РФ айналысып отыр, ал біздің тараптан Жайық өзені бойынша да біз Ресеймен бірге жұмыс істеудеміз, - деп атап өтті ведомство басшысы Сенаттың жалпы отырысынан кейін өткізген баспасөз мәслихатында.
Айтуынша, өкінішке қарай, соңғы бірнеше жылда өзеннің жылдық ағыны екі есеге дейін азайып кеткен.
Оған климаттық өзгерістер, сондай-ақ ресейлік аумақтағы ағым бойынша өзен ағысының реттелуі жоғары екендігі себеп болып отыр. Біздегі бар деректерге сәйкес, ол жақта су қоймалары өте көп, оның үстіне бұл бағытқа қатысты біз ресейлік тараппен жұмыс жүргізудеміз. Жол картасы әзірленіп, қол қойып, сол бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жұмысты 2024 жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарға қойдық. Сол арқылы түпті тереңдету жұмыстары, жағалауды бекіту шаралары, сондай-ақ өзен арнасын ғылыми зерттеу қамтылып, ұсыныстар әзірленеді, - деді министр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Серікқали Брекешев елдегі киіктерді жаппай ату мәселесіне қатысты жауап берген болатын.