Жайылымдық жер мәселесі аса күрделі болып тұр - Сқақов
Павлодар облысының әкімі қала мен аудан әкімдері, облыс басқармалары басшыларының қатысуымен Президенттің «Әділ мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру мәселелері бойынша жиын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Негізгі бағыттар туралы облыс әкімінің орынбасарлары ақпарат жеткізді.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Олег Крук айтып өткендей, келесі жылы өңірде инженерлік желілердің құрылысы мен күрделі жөндеуі бойынша 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл желілердің тозу деңгейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Кеңес барысында Әбілқайыр Сқақов Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша нақты міндеттер қойды. Мәселен, энергия өндіру қуатының нарығын кеңейту және «Инвестициялардың орнына тарифтерді қайта қарау» тұжырымдамасына қатысты ҚР Энергетика министрлігіне ұсыныс жолдауға белсенді қатысу міндеттелді.
Одан басқа, облыста пайдаланылмайтын және заңнаманы бұзу арқылы берілген жерлерді қайтару бойынша жұмыс жүргізілуде. Айталық, мемлекет меншігіне 208,1 мың гектар жер қайтарылды. Жоспар бойынша жыл соңына дейін 100 мың гектар жерді қайтару көзделуде. Әбілқайыр Сқақов бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.
Жайылымдық жер мәселесі аса күрделі болып тұр, қарапайым адамдар жайылым таба алмай дал болуда. Қазірде барлық аудандардағы ең өзекті мәселе – жайылым. Бір ауыл мысалында арнайы карта сызу керек. Барлығын тәртіпке келтіретін уақыт келді, - деді облыс әкімі.
ҚР Президентінің Жолдауы мемлекеттік саясаттағы әлеуметтік саланың басымдығын тағы бір дәлелдеді. Ең төменгі жалақының мөлшері 60 мыңнан 70 мың теңгеге дейін өсіріледі. Облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова айтып өткендей, 2023 жылдың 1 қаңтарынан облыс бойынша 21 мың адам мемлекеттік қолдауға ие болады. Сонымен бірге, отбасыларға электрондық жүйе арқылы әлеуметтік көмек көрсетуге мүмкіндік беретін Отбасының цифрлық картасы пилоттық режимде енгізілді.
Әбілқайыр Сқақов шағын және орта бизнесті дамыту, тұрғындардың табысын көтеру мен әлеуметтік қолдау және Мемлекет басшысы Жолдауын облыстың әрбір тұрғынына жеткізу бойынша бірқатар тапсырмалар берді.