Жайылым тапшылығы – ақтөбелік шаруалардың өзекті мәселелерінің бірі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенаторлар Мұхтар Жұмағазиев пен Бауыржан Қаниев Ақтөбе облысындағы Мәртөк және Әйтеке би аудандарында болып, фермерлермен, ауыл кәсіпкерлерімен, педагогтармен және шекарашылармен кездесті.
Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.
Депутаттар жылыжай кешенінің жұмысымен танысты, сондай-ақ сүт өндіретін шаруашылықта болды. Шаруашылық басшылары егін егу, жанар-жағармай материалдарымен қолайлы бағамен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы техникасын, тұқым мен тыңайтқыш қорларын дайындау, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау тәсілдерін қайта қарауға қатысты өзекті мәселелерді көтерді.
Дегенмен, жайылымдардың тапшылығы – фермерлердің ең өзекті мәселелерінің бірі болып отыр. Аграршылар атап өткендей, ол жердің жеке меншікке өтуі мен мал басының көбеюіне байланысты. Сенаторлардың еліміздегі жайылымдық жерлердің жетіспеушілігін заң жүзінде қалай шешуге ниеттеніп отырғандарын айтты.
Мемлекет басшысының осы мәселені шешу жөнінде тапсырмасы бар. Осыған байланысты біз арнайы заң жобасын ұсынып отырмыз. Сондай-ақ жайылымдарды пайдаланбау жөніндегі айырмашылық дәрежелерін қайта қарауды ұсынамыз. Құжатты қабылдау жайылым жерлерінің тапшылығы мәселесін оң шешуге мүмкіндік береді деген үміт бар, - деді Мұхтар Жұмағазиев.
Депутаттар сондай-ақ «Жайсаң» шекара пунктінде болып, өткізу бекеттерін аралады. Тауар айналымының статистикасымен танысқан олар әскери қызметшілердің тұрғын үймен қамтамасыз ету және кадр тапшылығы жөніндегі мәселелерін тыңдады.
Сенаторлар кездесулерде еліміз Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған қоғамдық-саяси реформаларға егжей-тегжейлі тоқталды. Жұртшылықтың сұрақтарына толық жауаптар берілді, сондай-ақ сенаторлар кейбір ұсыныстарды шешу жолдарын қарау үшін тиісті министрліктерге жіберуді жоспарлап отыр.