«Жайлы мектепті» салып жатқан әйгілі компания басшылары қанша айлық алады?
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын салып жатқан әйгілі компания басшыларының қанша айлық алатыны белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Samruk-Kazyna Construction басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов компанияда өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Тілшілер компания басшысынан ұлттық жобаның құрылысына басшылық ететіндердің аты-жөні мен олардың жалақы көлемін атауды сұрады.
Бұл жоба бойынша жұмыс істейтін адамдарға тоқталсам. Жобаға қатысты менің тікелей орынбасарым - Амангелді Саттаров. «Жайлы мектеп» жобасы бойынша департаменттің директоры Ербол Ахметов. Құрылыс бөлімінің басшысы Әбдікерім Шамов, Жобалау бөлімін Әнуар Хамит басқарады. «Жайлы мектеп» бойынша жұмыс істеуге жеткілікті бөлім деп ойлаймын, - деді басқарма төрағасы.
Сондай-ақ жобаны басқаратындардың айлығын айтты.
Өзімнің бекітілген жалақыма келер болсам, зейнетақы шегерімін есептемегенде, 1 млн 800 мың теңгені құрайды. Ал жобаға («Жайлы мектеп» - ред.) қатысты басшылардың айлығын сұрасаңыз, орынбасарым 1 млн 200 мың теңге, ал департамент директоры 940 мың теңге алады, - деп жауап берді Мәулен Айманбетов.