Жайлы мектептер қандай болады
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аясында салынатын мектептер қандай талаптарға сай болатынын айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқу-ағарту министрлігі заманауи, эргономикалық және қауіпсіз білім беру кеңістігін құру үшін қажетті нормативтік-құқықтық базаны әзірлеп, жаңа форматтағы мектептерді салуға қойылатын талаптарды бекітті. Атап айтқанда, 7 жобалық қуаты бойынша мектептерді жобалаудың нақты үлгілік тапсырмалары әзірленіп, бекітілді, эргономиканың талаптарына, сондай-ақ білім беру процесін ұйымдастыру кезінде білім алушылар мен педагогтердің қажеттіліктеріне жауап беретін технологиялық жабдықтар мен жиһаздардың толық тізбесі бекітілді, - деді министр.
Сонымен қатар Ғани Бейсембаевтың сөзінше, бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін оқу кабинеттері, санитарлық тораптар, спорт залдары бар жеке блоктар қарастырылды. Оған қоса, қазіргі заманғы техникалық құралдарды енгізу есебінен қауіпсіздік шаралары арттырылды, лицензияланған күзетпен қамтамасыз ету, күзет қызметкерлеріне қойылатын біліктілік талаптары күшейтілді.
Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта құру қарастырылды. Мектептерді заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау талабы енгізіліп, оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдары мен киімдерді сақтауға арналған жеке шкафтар, қосымша гардероб қарастырылды, - деп түсіндірді еліміздің бас ұстазы Үкімет отырысында.