"Жайлы мектепсіз" қала ма. Атыраулық жұмысшылар жалақысын ала алмай жүр
"Несиемізді төлей алмай қалдық. Қарызға ақша алатын адам да қалмады". Осылай деген Атыраудағы "JM CAPITAL HOLDING" қызметкерлері, компания кеңсесінің алдына жиналып, наразылықтарын білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Олар соңғы айлары жауаптылар жалақымызды дұрыс бермейді деп шағымдануда.
Бұл азаматтардың дені компанияда жарты не бір жыл қызмет етеді. Бірі көлік жүргізуші, екіншісі қара жұмысшы болып нәпақа тауып жүрген азаматтар алғашында ақша қолымызға уақытында тиетін дейді. Соңғы бірнеше айда адал еңбекпен тапқан табысымызды алу мұңға айналды деп отыр. Мәселен компания былтырғы жылдың желтоқсан айына тиесілі жалақыны бөліп-бөліп беріпті. Оның өзін алмағандар да бар. Ал биылғы қаңтар айының ақшасы мүлдем аударылмапты. Келер айда да берілмесе, не істерімізді білмейміз деп жыларман күйде олар.
Менің өзім осы компания салып жатқан қаладағы мектептердің бірінде қарапайым жұмысшы болып істеймін. Жұмысқа кіргеніме жарты жыл ғана болды. Соңғы айларда жалақымыз дұрыс төленбейді. Желтоқсанның жалақысы осы ақпанның басында ғана төленді. Қазір көк тиынсыз қалдық. Амалсыз такси жүргізуші болып жүрмін. Отбасымды асырауым керек. Ақшалары бар ғой. Оны өздері депозитке салып отыр ма, басқаша айналдырып отыр ма, бізге ол жағы белгісіз. Бірақ әйтеуір еңбекақы төленбейді. Соны талап етеміз, - дейді жұмысшылардың бірі Сағат Берғалиев.
Қаржыны күтіп шаршаған қызметкерлер, компания басшылығы мәселенің мән-жайын түсіндіруге құлықсыз екенін айтады. Еңбек инспекциясына шағымданамыз деп алдарынан өткен кезде "Қайда барсаңдар,онда барыңдар" деген кейіп танытты дейді. Таңертеңнен холдинг алдына 20 шақты жұмысшы жиналды. Бірақ жалақы ала алмай жүргендер саны әлдеқайда көп сияқты. Базыналарын жеткізуге шыққандардың сөзіне қарағанда, олар жұмыссыз қаламыз деп қорқады.
Менің 7 балам бар. Осы компанияда көлік жүргізушісімін. Ашығын айтқанда ақшасыз қалдық. Жеке барып "отбасым аш отыр" деп арызданған соң, жалақымның бір бөлігін берді. Толық алған жоқпын. Қалғандары әлі ақшасыз жүр. Бізге зейнетақы төлемі де, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру ақшасы да аударылмайды. Ауыра қалып, емделуге барсақ, емханалар да қабылдамайды. Компания өкілдері алдымызға шығып, мәселені түсіндірген жоқ. Не болғанын айтпайды да. Кейбір қызметкерлерді еңбекақысы сақталмайтын демалысқа жіберді. Ақшамызды берсін деген жалғыз талабымыз бар, - дейді жұмысшы Азамат Иманғалиев.
Проблеманың анық-қанығын нақтыламақ болып, компания кеңсесіне кіруге оқталдық. Бірақ күзетшілер басшылықпен кездесуге жібермеді. "Іште ешкім жоқ" деп тұрып алды. Дәл қазір қарамағындағыларға ақша тауып бере алмай отырған "JM CAPITAL HOLDING" компаниясына қарасты серіктестік өзге объектілерін былай қойғанда, облыстағы Жайлы мектептер құрылысын жүргізіп жатыр екен. Жұмысшылар сөзіне сенсек оның бірінде, яғни "Жұлдыз 3" ықшам ауданында орналасқан нысанда жұмыс тұралап қалған. Жалақы алмаған қызметкерлер өз еріктерімен жұмыстан шығып кетіпті. Бұл білім ордалары Президенттің тапсырмасымен салынып жатыр. Ал оны "Samruk-Kazyna Construction" АҚ қаржыландырады. Сол себепті ең алдымен жобаны тапсырыс берушіден ақпарат алдық.
"Samruk-Kazyna Construction" АҚ тарапынан ешқандай проблема жоқ. Былтыр 50 пайыз аванс аудардық. Яғни, 7 млрд теңге жібердік. Жауаптылар ең алдымен сол қаржыны игеріп алулары тиіс. Дәл қазіргі құрылысқа ол ақша жеткілікті. Енді іштерінде не себепті ондай қаржылық қиындық туып жатқаны белгісіз. Біз компания басшылығымен сөйлесіп, анықтайтын боламыз. Мәселе шешіледі деп ойлаймын. Ал объектілерді бақылауда ұстаймыз, - дейді "Samruk-Kazyna Construction" АҚ өңірлік басшысы Азамат Адамов.
Ал "JM CAPITAL HOLDING" компаниясының басшысымен байланыса алмадық. Жайлы мектептер құрылысына жауапты "Каспийская кадровая ассоциация" ЖШС директоры Еркінбек Нусупов, "Samruk-Kazyna Construction» АҚ өкілінің сөзін растамады. Оның сөзінше аударылған қаржы біткен. Сол себепті компанияда қаржылай қиындық барын жасырмады. Алайда нақты неше адамға, қанша көлемде ақша қарыз екендерін ашып айтпайды.
Компанияда қазір қиындық бары рас. Жұмысшылардың жалақысын аударатын қаражат дәл қазір жоқ. Неше жұмысшыға, қанша қарыз бар екендігі жайлы ақпарат менде жоқ. Ол мәлімет қаржы директорында. Алдағы уақытта мәселені реттеуге тырысып жатырмыз. Тапсырыс берушілер бізге ақшаны жіберген бойда, қарызымыздан құтыламыз. Келісім бойынша "Samruk-Kazyna Construction" АҚ ақшаны наурыз айында жіберу керек, - деді "Каспийская кадровая ассоциация" жшс директоры Еркінбек Нусупов.
Компанияда мұндай қиындықтар бұған дейін де болған. Оны облыстағы еңбек инспекциясының мамандары растады. Айтуларынша бұл мекемеден 25 жұмысшы жалақының төленбегенін айтып, арыз жазған. Соның арқасында ақшалары қолдарына тиіпті. Дегенмен жұмыстан босатылыпты. Компания басшылығы жұмысшыларының құқығын бұзған үшін 150 АЕК көлемінде айыппұл төлеген.
Өздеріңізге мәлім, біз тек арыз шеңберінде ғана жұмыс жүргізе аламыз. Бұған дейін шағымданған жұмысшылардың жалақысын алып бердік. Енді қазір наразы өзге азаматтар бізге арыз жазуы керек. Оны қарау мерзімі 15 жұмыс күн. Тексеріс басталса, оған 10 күн кетеді. Кемшілік анықталып, инспекция тарапынан нұсқама берілсе, кәсіпкерлік субъектісі жалақыны 1 ай ішінде өндіріп беруге міндетті болады. Қазір арыз алғаннан кейін, оны прокуратураға тіркетеміз, кейін тексеріс жүргіземіз. Тағы бір мәселе, қызметкерлер тарапынан нақты заңбұзышылық болмаса, жұмыс беруші оларды қудалай алмайды, - дейді Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бас маманы Мәди Губайдуллин.
"JM CAPITAL HOLDING" қаржылық қиындығын шеше алмай жатқанда, білім саласына әсер ететін жайлы мектептер құрылысы тұралап қалмай ма деген заңды сауал туады. Оны жергілікті әкімдік қаншалықты бақылауда ұстап отыр деген сұрақты жауаптылардан анықтап көрдік. Облыстық құрылыс басқармасының өкілдері объектілердің бәрі бақылауда дегенге сендірді.
2023 жылы облыста 9 жайлы мектеп құрылысы басталды. Оның 6-ы Атырау қаласында, 1-і Құлсары қаласында, қалған 2-і Құрманғазы ауданында. Құрылыс жұмыстары уақытылы жүріп жатыр. Оны бақылауда ұстап отырмыз. Бұл жерде 3 бас мердігер бар. 4 мектепке "Каспийская кадровая ассоциация" ЖШС, тағы 4 мектепке "Каспий Құрылыс ЛТД", біреуіне "БатысСтройСервис-Атырау" жауапты. Олардың барлығы "JM CAPITAL HOLDING" компаниясына қарасты. Құрылтайшысы бір адам. Биыл қыркүйек айында қолданысқа беріледі. Одан бөлек, тағы 3 жайлы мектеп құрылысы да 2024 жылы қолға алынады. Қазір оның жобалау-сметалық құжаттамасы жасалып жатыр. Оның да тапсырыс берушісі "Samruk-Kazyna Construction" АҚ. Біз әкімдік тарыпынан жер телімін ұсынып, инфрақұрылымын жүргізіп, уақытында тапсырылуын бақылаймыз, - деді Облыстық құрылыс сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Талғат Бисен.
Айта кетсек, мемлекет басшысының өзі тапсырған жайлы мектептердің Атырау облысындағы 9 нысанына "Samruk-Kazyna Construction" АҚ 40 млрд теңге шамасында қаржы бөлген. Жобаның уақытында қолданысқа берілуін тапсырыс берушілер де, жергілікті билік те назарда ұстап отыр.
Ал жұмысшылардың жалақысы бойынша проблеманы еңбек инспекциясы шешеді. Оған "Samruk-Kazyna Construction" АҚ өкілдері де септігін тигіземіз деді.