"Жайлы мектеп" жобасында қателіктер орын алған – сенатор
Бүгін сенаттың жалпы отырысында сенатор Руслан Рүстемов Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа "Жайлы мектеп" жобасы бойынша депутаттық сауал қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
"Жайлы мектеп" ұлттық жобасы еліміздегі мектеп инфрақұрылымын жаңғырту оқушылар орындары тапшылығын жою үшін әзірленген.
2023-2025 жылдар аралығында 842 мың оқушыға арналған мектеп салу үшін 2, 6 трлн теңге жоспарланды. Бұл жобаның аясында жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан 3 ауысымда оқытатын мектептердің және апаттық жағдайлардағы мектептердің мәселесін шешуді көздеген болатын. Алайда жобаны жүзеге асырудың бірінші жылының өзінде қателіктердің орын алғаны белгілі болып отыр. Мәселен салынуға тиіс мектептердің тек 217 мердігері ғана анықталған. Ұлттық жобаның құрылыс дирекциясы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ бөлінген қаражаттың 208 мектептің құрылысына 190,2 млрд тг қаржысын ғана игерген. Қалғаны дирекцияның есепшотында қалған,-деді Руслан Рүстемов.
Оның айтуынша, 37 мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы уақытылы дайындалмай және оларға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынбай құрылыс жұмыстары жүргізілген.
26 мектептің құны жобалық-смеаталық құжаттаманы қайта қарау себепті 45 млрд тг қымбаттаған. Кемшіліктер орын алып жатқанда жаңа мектептердің сапасы қандай болады? Жобада көзделген мақсаттар мен нәтижелер, яғни үш ауысымды және апатты жағдайдағы оқушы орындары тапшылығын жоюға мүмкіндік бере ме? Жалпы Мемлекет басшысының тапсырмасы мерзімінде орындала ма?-деді сенатор.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, жоба екі кезең бойынша жүзеге асырылып жатыр.
Ұлттық жобаның негізгі мақсаты үш ауысымдық және оқушы орындары тапшылығын жоюға бағытталғаны белгілі. Бүгінгі күні үкіметтің қаулысымен нысаналы құрылысты жүргізудің функциясы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ белгіленген. Жалпы жоба негізінен 2 кезеңмен іске асырылуда. Бірінші бұл 2024 жылдың соңына дейін 217 мектептің құрылысын іске қосу, 2025 жылдың аяғына дейін қалған 152 мектептің құрылысын іске асыру. Сондықтан бірінші кезең бойынша 1 қыркүйекке дейін 98 мектептің құрылысын іске қосу көзделіп отыр. Бұл негізінен 200 мың оқушы орнының тапшылығын жоюға бағытталған. Қалған мектептер жыл соңына дейін іске қосу білгіленген,-деді Ғани Бейсембаев.
Оның айтуынша, күнделікті битрикс ақпараттық жүйесі арқылы бүкіл құрылысты электронды деңгейде бақылап отыр.
Апта сайын тиісті мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жиынында қордаланған мәселелер туындаған жағдайда кешенді жүйелі түрде шешіліп отыр. Жалпы бұл жоба үкімееттің қатаң бақылауында,-деді министр.