«Жайлы мектеп» жобасына 2,6 трлн теңге бөлінеді – Смайылов
2023-2025 жылдары елімізде 401 жайлы мектеп салу жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы мектептердегі орын тапшылығын болдырмауға, апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге бағытталған. Жайлы мектептердің айырмашылығы – олар бірыңғай стандарттар бойынша жобаланады. Яғни, пәндік кабинеттер, компьютерлік сыныптар, зертханалар мен шеберханалар – бәрі бірыңғай стандарттар негізінде жабдықталатын болады. Мектептер заманауи интерьер бойынша жобаланады, - деді Смайылов
Сонымен қатар премьердің сөзінше, бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар қарастырылған.
Әр блоктың өз асханасы мен спорт залы болады. Мектеп ішінде оқулықтар мен жеке заттарды сақтауға арналған жеке шкафтар орнатылады. Осылайша оқушылардың ауыр сөмкелерін біршама жеңілдетуге мүмкіндік туады. Сонымен қатар, оқушыларға ыңғайлы болу үшін трансформер-парталар мен «ауызсу фонтандары» қойылады. Әр қабатта оқушыларға арналған тынығу алаңдары болады. 2023-2025-ші жылдары елімізде 401 жайлы мектеп салу жоспарланып отыр, - деді ол.
Жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 2,6 трлн теңге бөлінеді.
Өңір әкімдері жыл соңына дейін жер учаскелерін бөліп, инженерлік коммуникацияларды жүргізу мәселесін мұқият ойластыруы қажет. Жобаны іске асыру балалардың жақсы білім алуы үшін қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді. Осыған байланысты, Ұлттық жобаны мақұлдауды ұсынамын. Оқу-ағарту министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, жобадағы іс-шаралардың уақтылы орындалуын қамтамасыз етуі қажет, - деді Үкімет басшысы.