«Жайлы мектеп» ұлттық нақышта салынады

Бұл туралы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов қордың қоғамдық кеңесінің отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Жаңа ғимараттарды салуға отандық үздік инженерлер, сәулетшілер мен дизайнерлерді тарту, заманауи технологияларды қолданып салу жоспарланып отыр. Жобалық-сметалық құжаттамаға ашық конкурс негізінде Samruk-Kazyna Construction интерьер дизайны мен сәулеттік шешімдерді әзірлеу кезінде бірқатар элементтің ұлттық нақышта болуын талап етеді. Жаңа мектептер ең алдымен мектеп тапшылығы бар аймақтарда салынады. Бекітілген жоспарға сәйкес, мектептердің көпшілігі Алматы облысында (63), Түркістан облысында (63), Шымкентте (25), Маңғыстау облысында (24), Астана (24) мен Алматыда (22) салынады. Қалған мектептер шағын қалаларды қоса алғанда, бүкіл Қазақстан бойынша теңдей бөлінеді, - деп атап өтті басқарма басшысы жобаны талқылауға арналған жиында. 

Айтуынша, мектептер құрылысының нақты мерзімі мен оқушы орны саны белгіленді. Мәселен, Алматы облысында 63 жаңа мектепте 136 мыңға жуық бала оқи алады. Елордадағы 25 жаңа мектеп 88 мың оқушыны қабылдай алады. 

Мектепте тікелей бейнетрансляция және құрылыс алаңдарының фоторепортаждары бар интерактив карта жасалады. Кез келген адам 401 жаңа мектептің құрылысын тәулік бойы бақылай алады. Жобалаушы және техникалық қадағалау есептері апта сайын жарияланады. Осылайша, жұмыс барысына қоғамдық бақылау қамтамасыз етіледі. Жаңа үлгідегі мектептерде бастауыш сыныптар үшін, негізгі және орта мектептер үшін буфет залдары бар асханалар, сондай-ақ спорт залдары орналастырылатын бөлек блоктар болады. Бұл ретте, жайлы мектептердегі спорт залдарының саны мен ауданы стандартты үлгідегі білім беру мекемелерімен салыстырғанда 1,5-2 есеге ұлғайтылды, - деді Мәулен Айманбетов. 

Сондай-ақ жаңа мектептерде оқушылардың шығармашылық әлеуетін арттыруға жағдай жасалады деп отыр. Білім ордаларында көпфункционалды акт залы, кітап қоймасы мен оқу залы бар кітапхана, мекеменің әр қабатында оқуға және бос уақытты өткізуге арналған коворкинг-аймағы болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: syrboyi.kz
Өзгелердің жаңалығы