"Жайлы мектеп". Қарағанды облысында 18 мектеп салынады
Қарағанды облысында ұлттық жоба аясында 18 мектеп салынады, деп хабарлайды BAQ.KZ Хабар24-ке сілтеме жасап.
Соның арқасында өңірдегі апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектептер мәселесі толық шешіледі, - дейді мамандар.
Жаңа білім ошағы Балқаш қаласында да бой көтереді. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып қалған. Балқаш қаласында 25 білім ошағы бар. Соның ең соңғысы 2009 жылы салынған.
Ал биыл жаңадан жайлы мектеп салына бастады. Қазір білім ошағының құрылыс-монтаж жұмыстарының 90 пайызы орындалған. Мектеп үш қабатты болады. 900 орындық білім ошағында жиын залы және 2 денешынықтыру залы, асханасы, кітапханасы бар. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін жеке бөлімдер салынған.
Қазір ішкі әрлеу жұмыстары, сантехникалық жұмыстар, электр тоғын тарту қолға алынған. Шатыр жұмыстары жүріп жатыр. А1, А2 блогындағы шатыр жұмыстары аяқталып қалды. 80 пайызға жұмыстар орындалды, - деді құрылыс учаскесінің басшысы Қаныш Қалауов.
Балқаш қаласында мектеп тапшылығы бар. Соның негізінде кейбір мың оқушыға шақталған білім мекемелері 1350 балаға дейін оқытуға мәжбүр. Енді жайлы мектеп тапсырылған соң бұл мәселе түбегейлі шешіледі. Жаңа оқу ордасы атына заты сай жайлы болады.
Барлық оқу процесіндегі кітапханалар, балаға қызмет көрсететін интернет, коворкинг залдары, оқу бөлмелері, асханасы, дәліздерінің өзі балаларға психологиялық жағынан балалардың жас ерекшеліктеріне сай заманауи жабдықталған, - деді Балқаш қаласы білім бөлімінің басшысы Қарлығаш Дүбірбекова.
Жалпы 2025 жылдың соңына дейін Қарағанды облысында 18 жайлы мектеп салынып бітуі тиіс. Оларда 12500 оқушы білім алады. Бастысы – облыстағы апаттық жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектептердің мәселесі толық шешіледі.