Жауынгерлік жаттығу. «Қаладағы қақтығыс»
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Батыс» өңірлік қолбасшылығының «Оймаша» оқу-жаттығу полигонында «Елді мекенге шабуылдау кезіндегі батальондық тактикалық топ» тақырыбында жалпыәскери және десанттық-шабуылдау бригадаларының командирлері әдістемелік-нұсқаулық арқылы сабақ өтті.
Сабақтың басты мақсаты – шабуылдау жасағының құрамы мен ықтимал тапсырмаларын жеткізу, командирлердің елді мекенге шабуылдауға бөлімшенің дайындығы жөнінде жұмыс ерекшеліктерін ұғынуы және шабуыл жасау кезінде жеке құрам мен әскери техниканың іс-қимылдарын көрсету болды.
Сабақ барысында шабуылдау жасағының құрамын таңдау және елді мекенді барлау жөніндегі мәселелер қаралды, сондай-ақ елді мекенге шабуыл жасау кезінде батальондық тактикалық топ жеке құрамы мен әскери техникасының практикалық іс-қимылдары пысықталды.
Көрсетпелі сабақтың қорытандысы бойынша Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мурат Бектанов ерекше көзге түскен әскери қызметшілерге естелік сыйлықтар табыстады.
«Батыс» ӨңҚ әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Қаныш Әбубәкіровтің айтуынша, сабақ тақырыптарының өзектілігі заманауи әскери қақтығыстардың сипаты мен урбанизацияланудың жоғары деңгейі болашақта жауынгерлік іс-қимылдар көбінесе қалалық жерлерде өтетінінің ықтималдылығымен байланысты болып отыр.