Жауынгерлік өнер ассоциациясы қазақстандық промоутерлермен меморандумға отырды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Алматыда Қазақстанның Жауынгерлік өнер ассоциациясы қазақстандық промоутерлік компаниялармен меморандумға отырды.

Жиын барысында қауымдастық елімізде аралас жекпе-жек спорт түрлерін дамытып жатқан «Alash  Pride», «Naisa Fighter Club», «Alem Fighters», «Oktogon Promotion», «Bushido Kazakhstan», «Abadan FC», «Mergen FC», «Arlan Pro team», «ROI group ЖШС», «AFL Азиялық жекпе-жек лигасы» промоутерлік компанияларымен ынтымақтастық жөнінде меморандумға отырды.


Қазақстанның Жауынгерлік өнер ассоциациясының бас директоры Абат Имамбаев бұл меморандум промоутерлік компаниялардың қаржылық жағынан ашық жұмыс істеуіне әкеледі деген ойда.

Бұл меморандумның арқасында спортшылардың денсаулығына мән берілетін болады. Өйткені бұл өте көп жарақат алатын спорт түрі. Сондықтан біз оның алдын алуымыз керек. Адам денсаулығы бірінші кезекте болған жөн. Ол үшін барлығы ереже аясында өтуі керек. Мұндай шараның бәрі елімізде ММА спортын дамытуға бағытталған, - дейді ол.


Сонымен қатар ол елімізде бұқаралық спортты дамыту үшін үйірмелерді тегін ету керек деген ойын білдірді.

Біз қазір ақырындап соған келе жатырмыз. Оған біраз уақыт керек, қазір Президент ол бойынша заң шығарғалы жатыр. Соның арқасында еліміздегі бұқаралық спортты дамытамыз, - дейді қауымдастық президенті.

Оның айтуынша, Орлалық Азияда Қазақстан ММА спорты бойынша бірінші орында әрі халықтың қызығушылығы жоғары.

Бізде аралас жекпе-жекке деген сұраныс жоғары. Өте қабілетті жастар көп, соларды балалар спорт мектептерінен таңдап алып, ары қарай дамыту қажет. Біраз спортшыларымыз UFC-де өнер көрсетіп жатыр. Сондықтан көрші елдердің барлығы бізге қарап жұмыс істейді, - дейді ол.


Алматы қаласы Спорт басқармасының басшысы Рустам Байсеитовтің айтуынша, Алматыда 17 карате федерациясы бар, сондай-ақ басқармаға қарасты мекемелерде каратэнің 9 түрі бойынша жаттықтыру жүргізіледі.

Екі балалар мектебі карате бойынша спортшыларды дайындайды. Жаттықтырушы құрамы 55 адам, жаттығып жатқандар 996 адам, - дейді басқарма басшысы.


Шараның басты мақсаты – елімізде ММА спортын дамытып жатқан промоутерлік компаниялардың жұмысын дамыту, жергілікті ассоциация жұмысымен танысу.

Сонымен қатар шара барысында ушу-саньда, қазақ күресі бөлімдерінің залымен танысу жоспарланған.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы