Жауынгерлік корабльдер Каспий теңізінде оқу-жаттығу өткізді
Жауынгерлік корабльдер Каспий теңізінің акваториясында теңіз және әуе нысандарын жою бойынша оқу-жаттығу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы контр-адмирал Сәкен Бекжановтың басшылығымен өткен оқу-жаттығу үш кезең бдйынша өткен. Бірінші кезеңде бөлімдер мен бөлімшелер арнайы техника мен корабльдерді ұрысқа қолданатын аймақтарға шығарып, жауынгерлік әзірліктің дәрежесін көрсеткен. Ал, екінші кезеңде жаттығудың мақсаты анықталып, командалық құраммен жауынгерлік іс-қимылды орындау туралы шешім қабылданады. Үшінші кезеңде корабльдер белгіленген аудандарға шығып, теңізшілер қарсыластың әуе шабуылы құралдарын тойтару мәселелерін пысықтады.
Жаттығуда қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың ерекшеліктері де ескерілді. Экипаждардың жеке құрамы сауатты және үйлесімді әрекет етті. Қойылған міндеттер толық деңгейде орындалды,- дейді 3-дәрежелі капитан Бауыржан Баймұханов.
Жаттығуға Әскери-теңіз күштерінің зымыран-артиллериялық корабльдер, Әскери-әуе күштерінің Су-27 ұшақтары және Ми-8 көлік-жауынгерлік тікұшақтары қатысқан.
Айта кету керек, Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының басшылығымен жауынгерлік дайындық жоспары бойынша мұндай жаттығулар жылына бірнеше рет өткізіледі.