Жауынгерлер үйлеріне қайтып жатыр
Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Тараз гарнизонында мерзімді әскери қызметін өтеген сарбаздар үйлеріне қайтып жатыр. Алғашқы легін салтанатты түрде шығарып салған гарнизон басшылығы оларға естелік сыйлықтар табыс етті.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 5-механикаландырылған бригадасында әскер қатарындағы сарбаздарды шығарып салуға арналған салтанатты жиын дәстүр бойынша бөлімнің шеру алаңында өтті. Онда жас жігіттердің қызмет барысындағы жетістіктері мен ерліктері айтылып, бригада командирі, полковник Бекболат Ғабдуллин биыл коронавирустық инфекцияның пандемиясына байланысты барлығы үшін, оның ішінде мерзімді әскери қызметшілер үшін де оңай болмағанын атап өтті.
Алайда, ел басына туған бұл сынақ – КВИ-ге қарсы күрес әскерилердің жауапкершілігін одан сайын күшейтті. Аға офицерлермен бірге мерзімді әскери қызметшілер де әскери бөлім аумағында профилактикалық шараларға белсенді қатысты.
Қойылған шектеулерге қарамастан, біздің бригадада жауынгерлік дайындық қарқыны жоғары деңгейде сақталды. Шақырылушылар әскери дайындық бағдарламасын толық меңгеріп, дәл атуды үйреніп, күнделікті жаттығулар мен дене жаттығуларының арқасында физикалық тұрғыдан шыңдала түсті. Ең бастысы, олар жауынгерлік рухты сезінді, енді олардың өмір жолында армияда қызмет еткен жылдары маңызды орын алады, - дейді полковник Бекболат Ғабдуллин.
Сарбаздарды үйлеріне шығарып салған офицерлер мен келісімшарт негізіндегі әскери қызметшілер оларға туған жерге аман-есен жетулерін, азаматтық өмірге сәтті бейімделулерін тіледі.
Біз мотоатқыштар батальонымызды, командирлерімізді және полигонға жасаған сапарларымызды ешқашан ұмытпаймыз. Бізде Отанға деген үлкен құштарлық, патриотизм бар, сонымкен қатар мен көптеген жаңа дос таптым, - деп атап өтті 85395 әскери бөлімінің мотоатқыштар ротасының гранататқышы, Алматы облысынан шақырылған әскери қызметші Денис Макарушко.
Ал пулеметші Сабыр Ерболат өзінің көптен бері ежелгі Тараз қаласына баруды армандағанын жеткізді.
Бұл көне шаһардың тарихы екі мың жылдан асады. Міне, арманым орындалып, әскери борышымды сол қалада өткердім. Әскери парызым арманымның орындалуына түрткі болды. Келесіде мен мұнда, бәлкім, анаммен бірге келемін. Мен оған өзім қызмет еткен аумақ пен қаланы көрсетемін. Тараз қазір менің қалам сияқты, - деді ол.