Бүгiн 2026, 15:05 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Алғашқы аймақ белгілі: Қазақстанда жасанды жаңбыр жауғызу жобасы басталды

Қазақстанда жасанды жаңбыр технологиясы сынақтан өтіп жатыр.

Қазақстанда су тапшылығы мәселесін азайту үшін жасанды жауын-шашын технологиясын енгізу жұмыстары басталды. Қазіргі таңда пилоттық жоба Түркістан облысында жүзеге асырылып жатыр. Жобаға Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық метеорология орталығы қатысып отыр. Мамандардың айтуынша, технология тиімді қолданылса, жауын-шашын көлемін 10-20%-ға дейін арттыруға мүмкіндік бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жасанды жаңбыр қалай жасалады?

«Қазгидромет» мамандарының түсіндіруінше, жасанды жауын-шашын қалыптастыру арнайы реагенттерді бұлттарға енгізу арқылы жүзеге асады. Реагенттер бұлт ішіндегі су буының конденсацияланып, жаңбыр тамшылары немесе қар кристалдарына айналуын жеделдетеді.

Алайда бұл технология кез келген жағдайда жұмыс істей бермейді. Ол үшін атмосферада жауын-шашын қалыптастыруға қабілетті арнайы бұлт түрлері болуы қажет.

Мамандардың айтуынша, ең басты шарттардың бірі – конвективті, яғни будақ бұлттардың болуы. Себебі дәл осындай бұлттар реагент енгізуге ең қолайлы саналады.

Сондай-ақ жер бетіндегі температура, ауа ылғалдылығы мен желдің бағыты да маңызды рөл атқарады. Өйткені желдің сипаты бұлттардың қозғалысын алдын ала болжауға мүмкіндік береді.

«Қазгидромет» мәліметінше, технологияның тиімділігі бұлттардың дамуының бастапқы кезеңінде жоғары болады. Яғни бұлт әлі толық жетіліп, табиғи жауын-шашынға айналып үлгермеген кезде реагент енгізу тиімді саналады.

Қазақстанның климаты бұл технологияға қолайлы ма?

Мамандардың айтуынша, халықаралық тәжірибеде негізінен қуатты будақ-жаңбырлы бұлттар – Cumulonimbus типіндегі бұлттар пайдаланылады.

Қазақстан аумағында жауын-шашын көбіне төменгі қабаттағы және вертикальды дамушы бұлт жүйелері арқылы қалыптасады. Соның ішінде будақ-жаңбырлы бұлттар елімізде жиі кездесетіндіктен, технологияны қолдануға белгілі бір мүмкіндік бар.

Алайда оның тиімділігі аймақтың географиялық ерекшелігіне және маусымдық жағдайларға тікелей байланысты болмақ.

Жауын-шашын қанша пайызға артуы мүмкін?

«Қазгидромет» сарапшыларының бағалауынша, технология дұрыс әрі уақытылы қолданылса, жауын-шашын көлемі 10-20%-ға дейін артуы ықтимал.

Дегенмен Су ресурстары және ирригация министрлігі қазіргі кезеңде нақты нәтиже туралы айтуға әлі ерте екенін мәлімдеді. Себебі жоба пилоттық режимде іске асырылып жатыр.

Қазіргі кезеңде жауын-шашын көлемінің нақты қанша пайызға артатыны туралы айту ерте, себебі жоба пилоттық форматта іске асырылуда. Тиімділігі практикалық қолдану нәтижелері мен алынған деректерді талдау қорытындысы бойынша бағаланатын болады,- деді Ведомство.

Жобаға қанша қаражат бөлінді?

Ресми мәліметке сәйкес, қазіргі таңда жоба пилоттық режимде іске асырылып жатыр және негізгі қаржыландыруды Біріккен Араб Әмірліктері қамтамасыз етуде.

Қазақстанға метеорологтар, ұшқыштар және инженерлерден тұратын халықаралық команда, бұлттарға тұқым себу операцияларын жүргізуге арналған арнайы ұшақ және реагенттер жеткізілді,- деді Цифрлық үкіметті қолдау орталығы.

Алайда жобаның нақты бюджеті немесе Қазақстан тарапынан қанша қаржы жұмсалғаны әзірге жарияланған жоқ.

Мамандардың айтуынша, қазіргі кезеңде негізгі назар технологияны сынақтан өткізуге, оның тиімділігін бағалауға және қажетті технологиялық базаны қалыптастыруға бағытталған.

Алдын ала бағалау бойынша жобаның ықтимал экономикалық тиімділігі жылына 35 млрд теңгеге дейін жетуі мүмкін,- деп аталды орталық жауабында.

Жасанды интеллект пен спутник қалай қолданылады?

Цифрлық үкіметті қолдау орталығының мәліметінше, жоба барысында атмосфералық процестерді бақылау үшін халықаралық спутниктердің деректері пайдаланылады.

Атап айтқанда: EUMETSAT және FY-4 (Fengyun-4) қытайлық метеоспутнигі. Бұл жүйелер бұлттардың қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Қазақстанда ауа райын болжау үшін жасанды интеллект негізіндегі WRF (Weather Research and Forecasting) моделі қолданылып жатыр. Бұл модель Қазақстан аумағына бейімделген және 10 шақырымдық жоғары дәлдікпен жұмыс істейді.

Мамандардың айтуынша, AI технологиялары:

  • ауа райын болжауға;
  • бұлттардың қозғалысын талдауға;
  • жауын-шашын ықтималдығын есептеуге көмектеседі.

Қазақстанның басқа өңірлеріне де қолданыла ма? 

Мамандардың пікірінше, егер пилоттық жоба тиімді нәтиже көрсетсе, технологияны Қазақстанның басқа өңірлерінде де қолдану мүмкіндігі қарастырылады.

Әсіресе қуаңшылық жиі болатын оңтүстік аймақтарда, су тапшылығы сезілетін ауыл шаруашылығы өңірлерінде, су қоймаларының деңгейі төмендейтін аумақтарда технология сұранысқа ие болуы мүмкін.

Су ресурстары министрлігінің мәліметінше, жауын-шашын көлемінің артуы су қоймалары мен каналдарға келетін табиғи ағын көлеміне оң әсер етуі ықтимал.

Алайда мамандар бұл технология табиғи климатты толық өзгерте алмайтынын айтады. Яғни жасанды жаңбыр су тапшылығын толық шешетін құрал емес, тек қосымша мүмкіндік ретінде қарастырылады.

Технология көрші өңірлерге әсер ете ме?

«Қазгидромет» бұл технология жаһандық климатты өзгертпейтінін айтады.

Бұлтқа реагенттерді енгізгеннен кейінгі физикалық-химиялық реакциялар өте жылдам - шамамен 20-30 минуттың ішінде жүреді. Осы қысқа уақыт ішінде ылғал жиналып, жауын-шашын тікелей жоспарланған аймаққа жауып үлгереді- дейді Қазгидромет.

Бірақ жоғарғы қабаттағы желдің әсерінен жауын аймағы аздап ығысуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

 Әрине, жоғарғы атмосферадағы желдің жылдамдығына байланысты жауын-шашын аймағының сәл ығысу қаупі ескеріледі, бірақ бұл әсер көрші өңірлердің ауа райы режиміне немесе жалпы ылғал балансына ықпал ететіндей айтарлықтай мәнге ие емес,- делінген жауапта.

Негізгі мақсат не?

Су ресурстары министрлігінің мәліметінше, жобаның басты мақсаты су қоймаларын толтыру, оңтүстік өңірлердегі су тапшылығын азайту, ауыл шаруашылығы алқаптарын қосымша сумен қамтамасыз ету.

Қазіргі таңда Түркістан облысында жалпы көлемі 911 мың гектардан асатын ауыл шаруашылығы жерлерін қуаңшылықтан қорғау мәселесі өзекті болып отыр.

Жоба нәтижесін қашан көреміз?

Ресми мәліметке сәйкес, Түркістан облысындағы пилоттық кезең аяқталғаннан кейін технологияны Қазақстанның өзге өңірлерінде қолдану мүмкіндігі қарастырылады.

Технологияның тиімділігіне қатысты алғашқы қорытындыларды егіс науқаны аяқталғаннан кейін және қосымша жауын-шашынның су ресурстары деңгейі мен ауыл шаруашылығы аумақтарының жағдайына әсерін талдау негізінде жасауға болады,- деді Цифрлық үкіметті қолдау орталығы.

Бұған дейін Түркістан облысындағы 911 мың гектар алқапты құрғақшылықтан құтқару үшін ғарыш пен авиация күші қалай қолданылатыны жайлы жазған едік.

Оқи отырыңыздар: Қазақстан өңірде жасанды жаңбыр технологиясын пайдаланған алғашқы ел болмақ.