Жауапкершілік пен табандылық. Мемлекеттік қызметте қанша әйел жүр

Павлодар облысында мемлекеттік қызметтегі азаматтардың 70%-ын әйелдер құрайды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Облыс бойынша мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің басшысы Асхат Искендировтың айтуынша, мемлекеттік қызметтегі әйелдердің саны тұрақты түрде көбейіп келеді.

Бүгінгі таңда аймақта 2500-ден астам нәзік жанды мемлекеттік қызметші бар. Олардың 500-ден астамы басшылық лауазымдарда қызмет етіп жүр. Әйелдерге тән қасиеттердің қатарына жауапкершілік, табандылық, зейінділік жатады. Олар қаржылық құжаттама, сот істерінде табысты еңбек етіп жүр, - дейді Асхат Искендиров.

Саладағы соңғы өзгерістерге сүйенсек, жыл басынан бері оқу нәтижесі 3,33 GPA төңірегінде болса, мемлекеттік грантпен жоғары оқу орындарын аяқтаған түлектер аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындалды.

Органдар халыққа 400 түрлі қызмет түрін көрсетеді. Жыл басынан бері тоғыз миллион қызмет көрсетілген. Мемлекеттік қызмет көрсету шаралары бойынша қоғамдық бақылау жүргізіледі. Бақылау нәтижесінде 20 заңбұзушылық тіркелген. Мысалы, бірқатар мемлекеттік мекеменің ғимараттарында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдайлар жасалмаған. Тактильді жолақтар, пандустар және шақыру түймелері жоқ болып шықты. Нәтижесінде мемлекеттік орган басшылары нормаларды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ондаған мүгедектігі бар адамның құқықтары қорғалды, - дейді Асхат Искендиров.

Айта кетейік, қазіргі таңда мемлекеттік органдарда 3 659 маман еңбек етеді. Қызметкерлердің орташа жасы 41 жастан жоғары. Ал мамандардың орташа еңбек өтілі 13 жылға жетті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы