"Жауап күтіп отырмыз". Көшербаев ШҚО-дағы уақыт белдеуі туралы айтты
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев өңірдегі уақыт белдеуіне қатысты ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Халық өз пікірлерін айтып жатыр. Жақында өңірге Сауда министрі Арман Шаққалиев келіп кетті. Біз министрге халықтың пікірін жеткіздік. Ол "біз ойланамыз" деді және өз ұсыныстарын беретінін айтты. Қазіргі таңда шешімді күтіп отырмыз. Бөлек уақыт белдеуі болуы мүмкін бе, жоқ па оны айта алмаймын, – деді Көшербаев.
Әкім өз әріптестерінен уақыт белдеуіне қатысты кереғар пікір естімегенін атап өтті.
Бұл уақыттың жақсы жағы да бар. Қыстыгүні балалар мектепке қараңғыда емес, жарықта барады. Өз басыма келер болсам, маған әсері жоқ. Күннің қашан шығып, қашан бататынын аңдып отырмаймын. Жұмыс істей беремін, – деді Ермек Көшербаев.
Еске салсақ, қазақстандықтар бұрынғы уақыт белдеуін кері қайтару туралы петиция жариялаған болатын. Жақында Сауда және интеграция министрлігі Бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы петиция бойынша алдын ала шешім шығарды.
Сонымен қатар бұған дейін ШҚО әкімі Артемьев шахтасында зардап шеккендерге қандай көмек көрсетілетінін айтты.