Қазақстанда жатыр мойны обырынан жылына 600 әйел көз жұмады
Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде соңғы үш жылда жатыр мойны обырының көрсеткіші 45,4% жеткен. Қазақстан бойынша 10 мың әйел есепте тұр. Жылына 1200 әйелден жатыр обыры анықталады, оның ішінде 600 әйел осы аурудан көз жұмады. Бұл туралы бүгін Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының мәжіліс залында өткен Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының мамандары өткізген семинар барысында айтылды.
Шараның мақсаты – қазіргі кезде әйелдердің жыныс органдарында жиі кездесетін жатыр мойнының қатерлі ісігінің алдын алу, дұрыс диагностика қою.
«Бұл аурудың алдын алып, әйелдің ағзасын сақтап қалуға болады. Осы мақсатта скрининг бағдарламасы бойынша акушер тексеруге қандай әйелдерді шақыру керек, қалай дұрыс қарау керек, сол туралы дәріс жүргіземіз. Мұның нәтижесін 3-6 айда көре аламыз. Олар дұрыстап анықтай алса, біздің орталыққа келе бастайды. Себебі, қатерлі ісік әрі қарай өтіп кетсе, емдеу кеш болады. Сол үшін біз акушерлерге ауруды анықтаудың ең арзан, тиімді әрі қолжетімді түрін үйретеміз», - деді Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің онкология кафедрасының меңгерушісі Толқын Садықова.
Жатыр мойнының қатерлі ісігімен науқастану өзгерісі жасқа байланысты ерекшеленеді. Жатыр мойны обырымен науқастанудың ең жоғарғы деңгейі 50-60 жаста байқалады. Жатыр мойны обырына шалдыққан әрбір бесінші әйелдің жасы 40-қа жетпеген. Десе де, 2 миллионға жуық халқы бар Түркістан облысы мен миллионды қала Шымкентте соңғы жылдары қатерлі ісікті анықтау деңгейі төмендеп кеткен. Алматыдан келген қонақтар осы мәселенің де себебін анықтап шешетіндерін айтты.
Семинарға Сайрам аудандық ауруханасынан келген акушер Сәуле Қуантайқызы оңтүстікте жатыр мойнының обыры асқынып тұрғанын, сол үшін Алматыдан келген мамандардан үйренері мол екенін айтты.
«Мұның алдында да осы институттың мамандары әйелдердің ісік алды ауруларын анықтауды қалай тексеру керек, терінің қатерлі ісігін қалай көріп, анықтайтынын үйретті. Бүгін міне, тағы да өте өзекті мәселені қозғап отыр. Әйелдерге скринингке шақырған кезде міндетті түрде келіңдер дер едім. Себебі, бұл білінбейтін ауру. Ол тек келіп тексеруден өткен соң ғана анықталады. Рак – қауіпті ауру, сол үшін қандай ауру болса да, ертерек алдын алған жақсы», - дейді акушер.
Еліміздің бас онкологі, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Диляра Қайдарова Түркістанда жыл сайын 1500-ден астам рак ауруы анықталатынын, бірінші орында өкпе обыры, сүт безі обыры, үшінші асқазан обыры тұрғанын айтты.
«Түркістан облысы мен Шымкент қаласының бөлініп шығуына байланысты, осындағы онкологиялық ауруларды анықтау барысы төмендеп кетті. Біз өңірдегі онкологиялық ауруларға сапалы көмек көрсетуді жақсарту үшін келдік. Таңертеңнен бастап онкологиялық диспансерлерді аралап, пациенттерді қалай дұрыс емдеп жатқанын көріп шықтық. Облыстық клиникалық ауруханада 90 орын бар, барлық құрал-жабдықпен қамтылыпты. Сіздердің облыста осымен үшінші рет семинар өткізіп отырмыз. Мұның алдын нейрохирургия, маммология жөнінде оқытқанбыз. Бұл жолы жатыр мойны ісігіне тоқталдық. Скринигтен өту бағдарламасы бойынша, 13 фельдшерге аурудың бастапқы кезеңін қалай анықтайтыны туралы арнайы үйреттік», - деді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Диляра Қайдарова.
Айта кетейік, биыл онкологиялық ауруларға көмек көрсету үшін 43 млрд теңге бөлінген. Сондай-ақ, қатерлі ісіктің алдын алып, ауруды анықтайтын қажетті құралдары жоқ өңірлерді компьютерлік томография, МРТ, ПТ-мен жабдықтайтынын жеткізді.