Жатып ішер жастарға мемлекет қандай шара қолданады?

Елімізде NEET санатындағы жастардың үлесі артып келеді. Кәсіптік білімі жоқ және жұмыссыз жүрген жастардың мәселесі қалай шешіліп жатыр? Оларға қандай қолдау көрсетіледі? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі BAQ.KZ тілшісінің сауалына жауап берді.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2024 жылдың қорытындысы бойынша NEET санатындағы жастардың үлесі 6,6% немесе 355 мыңға жуық адам.

Қазіргі таңда жастарды, оның ішінде NEET санатындағы жастардың кәсібін қолдау үшін:

- Халықтың әлеуметтік осал топтарына 400 АЕК-ке дейін қайтарымсыз гранттар беріледі.
- "Бастау Бизнес" бағдарламасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне онлайн оқыту жүргізіледі.

Жастардың жұмысқа орналасуға көмектесетін мемлекеттік бағдарламалар қандай?

- "Жастар практикасы" – оқуын аяқтаған жастардың еңбек тәжірибесін жинауына көмектеседі.
- "Алғашқы жұмыс орны" – алғаш рет жұмыс іздеп жүрген жастарға арналған.
- "Ұрпақтар келісімшарты" – зейнетке шығуға жақын мамандардың тәжірибесін жастарға үйрету жобасы.

Елімізде жастардың мамандық таңдауына және жұмыс табуына көмектесу үшін бірнеше онлайн жүйе іске қосылған.

1. 2021 жылдың шілдесінен бастап https://skills.enbek.kz порталы жұмыс істейді. Бұл сайтта еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды қысқа мерзімде онлайн оқуға болады.

2. "Mansap Compasy" – мансап жоспарлауға арналған жаңа платформа. Бұл платформа мектеп түлектері мен студенттерге арналған. Мұнда:

* Сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат бар.
• Жоғары оқу орындары мен колледждерге түсу талаптары көрсетілген.
• Грант алу мүмкіндіктері туралы мәлімет бар.
• Мамандықтың болашағын бағалауға, тағылымдамадан өтуге және жұмыс іздеуге көмектеседі.

Жүйе академиялық білімнен гөрі нақты кәсіпті меңгергісі келетін жастарға пайдалы. Бүгінде платформада 400-ден астам танымал мамандықтар бойынша зерттеу жүргізілген.

Ал жалпы 2024 жылдың қорытындысы бойынша 428,1 мың жас жұмысқа орналасты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы