Жаттықтырушыларға 30% үстемеақы, әр балаға жылына 415 мың теңге: Спорт саласында не өзгерді?
Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін қаржыландырудың жаңа жүйесі енгізілді. Енді бір баланы даярлауға бөлінетін жылдық қаражат 233 мың теңгеден 415 мың теңгеге дейін өсті. Сонымен қатар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаттықтырушы-оқытушыларға кәсіби шеберлігі үшін 30% мөлшерінде қосымша ақы белгіленді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, дене шынықтыру мен спортты дамыту – мемлекеттік әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Бұл халық денсаулығын нығайтуға және Қазақстанның халықаралық беделін арттыруға ықпал етеді.
Балалар спортын қаржыландыруға 76,7 млрд теңге бөлінеді
Мемлекет басшысының тапсырмасымен соңғы жылдары спорт саласындағы заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізілді. Биыл наурыз айында балалар спортын қолдау мәселелері бойынша заңға қол қойылды.
Осы жылдан бастап балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін қаржыландырудың жаңа жүйесі іске қосылды. Оның аясында бір баланы даярлауға бөлінетін жылдық қаржы 233 мың теңгеден 415 мың теңгеге дейін ұлғайды.
2025–2028 жылдары жаңа жүйені іске асыруға 76,7 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражат спорт мектептерінің нақты қажеттіліктеріне бағытталады. Атап айтқанда, спорттық құрал-жабдықтар мен киім сатып алуға, жарыстар өткізуге және оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыруға жұмсалады.
Жаттықтырушыларға 30% қосымша ақы белгіленді
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаттықтырушы-оқытушыларға кәсіби шеберлігі үшін 30% мөлшерінде қосымша ақы төлеу енгізілді.
Министр өткен жылы қабылданған заңнамалық өзгерістерді іске асыру жұмыстары да жалғасып жатқанын атап өтті. Бұл өзгерістер мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз етуге және еліміздің барлық өңіріндегі спортшылар мен жаттықтырушыларға тең жағдай жасауға бағытталған.
Спортты қаржыландыру екі бағытқа бөлінді
Реформалардың маңызды нәтижелерінің бірі – жоғары жетістіктер спорты мен бұқаралық спортты қаржыландырудың бөлінуі.
Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Пара Азия ойындарының бағдарламасына енгізілген, сондай-ақ ұлттық спорт түрлерін қамтитын 67 жоғары жетістіктер спортының түрі айқындалды.