Жатақханадағы жауыздық: Қызылордада 1-курс студенті көз жұмды
Студент өліміне қатысты күдікті қамауға алынды.
Медициналық колледжге фельдшер мамандығына оқуға түскен 16 жастағы Нұрдәулет Мырзалы жатақханада жоғары курс студенттерінің соққысынан көз жұмды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Марқұмның туыстарының айтуынша, 3-курс студенттері түн ортасында 1-курс студенттерін фитнес залға жинап, ұрып-соққан. Сол сәтте Нұрдәулет ауыр соққы алып, есінен танған.
Жақындарының сөзінше, оқиға болғаннан кейін күдіктілер жедел жәрдем шақырудың орнына бозбаланы бөлмесіне апармақ болған. Қансыраған студентті дәлізбен сүйреп бара жатқанда басқа студенттер көріп, шу көтерген.
Марқұмның ата-анасы колледждегі бақылаудың әлсіз болғанына наразы. Олар түнде студенттердің еркін жүруіне, жатақханадағы фитнес залдың ашық тұруына және жауаптылардың әрекетсіздігіне қатысты сұрақ көп екенін айтады.
Колледж әкімшілігі қайғылы жағдайды растады. Қазір ішкі тексеру жүріп жатқанын мәлімдеді. Ал полиция күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалғанын айтты.
Жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.Барлық тергеу әрекеттері қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылуда. Тергеу нәтижесі бойынша тиісті процесуалдық шешім қабылданатын болады,-делінген жауапта.
Алайда марқұмның туыстары оқиғаға бірнеше студент қатысқанын айтып, барлығы заң алдында жауап беруі керек деп талап етіп отыр.