Апатты жағдайдағы жатақханалардың проблемасын биыл шешеміз – әкім
Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атыраудағы апатты жағдайда тұрған жатақхана тұрғындары жаңа қонысқа көшіріледі. Қалада қазір 6-9 қабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Аяқталған соң 12 жатақхананың тұрғыны жаңа үйлерге қоныстанатын болады. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бастаған тиісті орын өкілдері құрылыс жүріп жатқан ықшам ауданға барып, мердігерлермен кездесіп, жұмыстың талапқа сай орындап, уақытында аяқтау керектігін ескертті.
«Апатты жағдайдағы тұрғын үйлердің проблемасын шешу - жүйелі жүргізілуі тиіс. Қараша айында халық жаңа пәтерлеріне кіруі керек, бірақ барлық жұмыс сапаға сай болуы шарт», - деді Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев.
Облыс әкімі Құнанбаев, Гагарин көшелерінің бойындағы және Геолог поселкесінде орналасқан үйлердің тұрғындарымен жүздесіп, олардың мәселелерін жыл соңына дейін шешуге уәде берді. Жаңа баспана тек заңға сай берілетіндігін айтты. Яғни, жеке меншігінде баспанасы бар тұрғындар ғана су жаңа пәтерге ие бола алады.
«Жыл соңына дейін алдымен апатты жағдайдағы жатақханалардың проблемасын шешуді жоспарлап отырмыз, осы мақсатта Атырау облысында әрқайсысы 240 пәтерге есептелген 6-9 қабатты тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Ең бірінші кезекте биыл осы 12 жатақхананың мәселесін шешкіміз келеді. Бәрін қараша айына дейін көшіреміз деп жоспарлаудамыз. Қаражат бөлінді, үй салынып жатыр. Бірақ жеке меншігінде кімнің үйі бар, солар ғана көшеді.Өйткені мен аралап келе жатырмын. Көп жатақханаларда пәтерлерді жалдап тұрып жатқандар бар екен. Оларға пәтер берілмейді. Заң бойынша пәтер кімнің иелігінде солар ғана алады», - деді Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев.
Айта кетейік, облыс орталығында 74 апатты үй бар, ондағы екі мыңға жуық пәтердің тұрғындары көшірілуі қажет.
«Осы мақсатта «Береке» ықшам ауданында 4, ал Нұрсая ықшам ауданында 2 көпқабатты үй салынып жатыр. Жоспар бойынша жалпы саны 1500-ға жуық пәтер пайдалануға беріледі. Ал, өзге апатты үйлердегі тұрғындар үшін пәтерді мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы салуды жоспарлап жатырмыз», - дейді аймақ басшысы.
Жалпы, қала мен ауылдық округтерде жиырмаға жуық тоз-тозы шыққан жатақхана бар. Олардың сегізінің тұрғындары жаңа пәтерлерге қоныстандырылған. Ал қалған 12 үйдегі отбасылар әлі де санитарлық талапқа сай келмейтін апатты баспаналарда тұрып жатыр.