Жат ағымдармен күрес. Депутат имамдар дұрыс жұмыс істеуі керегін айтты
Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай жалпы отырыстың кулуарында жат ағыммен күрестің жолын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Радикалды ағымдардың жастарымыздың санасын улап, осы өзіміздің дәстүрлі төл-танымымыздан адастырып бара жатқаны белгілі. Кешегі күнімізге көз салатын болсақ, Сириядағы боздақ қыршындарымыздың оққа ұшқаны не болмаса апта сайын содырлардан талап болып, тағдыры бүлінген қазақ қыздарының тағдыры бізге сабақ болуы керек еді. Бірақ өкінішке қарай, содан сабақ ала алмай келеміз, - деді депутат.
Ол жастардың санасын улайтын теріс жат ағымдарға нақты тыйым салмасақ, бұл мәселе күн сайын ушыға беретіні белгілі екенін атап өтті.
Сондықтан оларға нақты заңмен тыйым салу керек. Өздеріңіз байқап қараңыздаршы, қара паранжа киіп, етегіне сүрініп, өз өмірін өзі тұмандап жүрген тағдыры бүлінген қазақ қыздарының, балағын кесіп, ұлттың ұлы болуға емес, жат ағымдардың құлы болуға мойын ұсынған қазақ жігіттерін көрген кезде қабырғаң қайысады. Сол себепті осы сан ғасырлық салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымыздың тамырына балта шабатын осы жат ағымдарға соққы беруіміз керек, - деп айтты Аманжол Әлтай.
Ол Үкімет бұл мәселеге бей-жай қарамай, нақты қадамдар жасауы керегін айтты.
Бүгінгі күнге дейін елді бүлдіруге тікелей себеп болған діни ағымдарға нақты заңмен тыйым салуымыз керек деп ойлаймын. Заңды қатайтсақ, сонда ғана оған тыйым сала аламыз. Бізде ұлттық идеология да дұрыс жұмыс істеуі керек. Зиялы қауым өкілдері оған атсалысуы керек. Егер біз ұлтым дейтін намысты ұлдарды, инабатты, парасатты қыздарды тәрбиелегіміз келсе, оның тек жалғыз жолы ғана бар. Ол – ата-бабаларымыздан жалғасқан ұлттық дәстүр, ұлттық тәрбие негізінде бала тәрбиесін қолымызға алуымыз керек, - деді депутат кулуарда.
Депутат Әлтай ҚМДБ осындай мәселелерге келгенде белсенді рөл атқаруы керегін жеткізді. Діни басқарма ғасырлар бойы қалыптасқан жат ағымдарға бой бермейтін дәстүрлі исламның құндылықтарының негізде дін қызметкерлері дұрыс жұмыс істеуі. Мешіттердегі уағыздарда, қоғамдық ортада имамдар белсенді болғаны дұрыс.
Сонымен қатар мемлекетте осы бағытта идеологиялық жұмыс жүргізілуі керек. Мысалы, ол сіздерге (журналистерге – ред.) де қатысты. Ақпарат құралдарында, телеарналарда, кино индустриясында, жалпы мәдениеттің бүкіл саласында жат ағымдарға қарсы күш біріктіруіміз керек, - деді Аманжол Әлтай.