«Жасыңыз келіп қалды» деген бір ауыз сөз. 45-тен асқан әйелге жұмыс табу неге қиын?
Жаңа жұмысқа орналасқысы келгенде де, жоғары қызметке үміткер болғанда да «жасыңыз келіп қалды» деген жауап еститін әйелдер бар. Астанада өткен X UMAI ANA форумында осы мәселені көтерген Тоғжан Қожалы BAQ.KZ тілшісіне 45 жастан кейін жұмыс іздеген әйелдердің алдынан қандай кедергілер шығатынын айтып берді.
Тоғжан Қожалының сөзінше, сол кедергінің бірі – әйелдің белгілі бір жасқа келгенде немере бағып, зейнетке дайындалуы керек деген түсінік. Мұндай көзқарастың ықпалы отбасымен шектелмейді. Әйел жаңа қызметке ауысқысы келсе, жұмыс беруші де оның жасын алға тартуы мүмкін.
Қоғамда әйел қырық бестен, әсіресе елуден асқан соң немере қарап, зейнетке дайындалуы керек деген түсінік бар. Үй шаруасымен жүріп, әйел кейде өзін де ұмытып кетеді. Ал жаңа жұмысқа орналасайын десе немесе жоғары қызметке барғысы келсе, «жасың келді» дейді, – деді Тоғжан.
Отыз жылдық тәжірибені қалай кәдеге жаратуға болады?
Спикердің айтуынша, маман тапшы кезде де кей компаниялар 45–50 жастан асқан адамдарды жұмысқа алуға құлықсыз. Ал осы жастағы үміткерлердің арасында бір салада ондаған жыл еңбек еткен әйелдер бар. Тоғжан оларға жаңа дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беру қажет деп санайды. Сонда маман бұрынғы тәжірибесін бүгінгі жұмыстың талабына сай қолдана алады.
Ол жұмыс іздеп жүрген адамдарға арналған «Күміс жас» жобасын да мысалға келтірді. Айтуынша, мұндай мүмкіндік барын жұмысқа орналасқысы келетін әйелдердің өзі біле бермейді.
«Ел не дейді?» деген күдік
Жалдамалы жұмыстан бөлек, өз ісін бастағысы келетін әйелдерді не тежейді? Тоғжанның айтуынша, кей әйел ойындағы кәсібіне кіріспей жатып, айналасы қалай қабылдайтынын уайымдайды.
Біріншіден, өзіне сену керек. Біз «ел не айтады?», «ұят болады ғой» деп көп ойлаймыз. Сөйтіп, «осы өміріммен жүре берейінші» дейміз. Өзгеріске баруға батылымыз жетпей қалады, – деді ол.
Кәсіпкер сөзінше,әйелдің жаңа кәсіпке бет бұруы отбасындағы қарым-қатынасқа да әсер етуі мүмкін екенін айтты. Оның пікірінше, кей ер адам жарының жаңа мақсатына, өміріндегі өзгеріске дайын болмауы мүмкін. Алайда отбасындағы келіспеушілікті әйелдің батылдығымен байланыстыруды ол орынсыз санайды.
Әр адамның өз мақсаты болуы керек. Өмірі мәнді болуы керек, – деді кәсіпкер.