Жасылдар партиясы Дүниежүзілік табиғатты қорғау күнінде LRT-мен жүріп, экологиялық көлікті насихаттады
Дүниежүзілік табиғатты қорғау күніне орай Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының мүшелері экологиялық таза әрі тұрақты көлік түрлерін қолдау мақсатында бір күнге жеке автокөліктерінен бас тартты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осыған орай партия төрағасы Азаматхан Әміртаев Астанадағы «Ұлттық музей» LRT станциясынан жеңіл рельсті көлікке отырып, жолаушылармен кездесті. Іс-шара барысында партияның сайлауалды бағдарламасындағы экологиялық таза қоғамдық көлікті дамыту, ауа сапасын жақсарту, қалаларды көгалдандыру және тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған бастамалар таныстырылды.
Азаматхан Әміртаевтың айтуынша, партия елімізде экологиялық таза көлік түрлерінің көбеюін қолдайды.
Астанада LRT салынды. Бұл – экологиялық таза көлік түрі. Бүгін біз осы көлікте үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, жолаушыларға «Байтақ» жасылдар партиясының негізгі құндылықтарын түсіндірдік. Біздің басты мақсатымыз – таза ауа, таза су және таза жер үшін күресу, сондай-ақ салауатты өмір салтын дәріптеу, – деді ол.
Партия төрағасының сөзінше, қоршаған ортаға зиян келтіретін кәсіпорындар келтірілген залалдың орнын толтыруы тиіс.
Ластаушы міндетті түрде жауапкершілік арқалап, келтірген зияны үшін өтемақы төлеуі керек. Бұл қағидат заңнамалық деңгейде нақты көрініс табуы қажет. Экологиялық кодекс, Су кодексі және Жер кодексінде осы талаптар толыққанды қамтылуы маңызды. Өйткені азаматтардың денсаулығы қоршаған ортаның жағдайымен тікелей байланысты. Егер ауа мен су ластанса, оның салдары ең алдымен адам денсаулығына әсер етеді, – деді Азаматхан Әміртаев.
Оның айтуынша, бүгінгі кездесу барысында партия өкілдері жолаушыларға өздерінің бағдарламалық ұстанымдарын таныстырып, Парламентке өткен жағдайда экологияны қорғауға бағытталған заңнамалық бастамаларды жүзеге асыру жоспары туралы ақпарат берді.
Еске сала кетейік, Құрылтай депутаттарының сайлауы 23 тамызда өтеді. «Байтақ» жасылдар партиясы бұл сайлауға 47 кандидат ұсынған.