Жасыл технологиялар орталығының экс-басшысының ісі. Сот істің мән-жайын айтты

Коммерциялық емес АҚ басқармасының төрағасына қатысты үкім өзгеріссіз қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2 тамыз 2024 жылғы үкімімен ірі мөлшерде пара алу (ҚК 366-бабы 3-бөлігінің 3) тармағы), аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау (ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы) және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану (ҚК 361-бабы 4-бөлігінің 3) тармағы) бойынша О.Агабеков кінәлі деп танылған.

Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығымен О.Агабеков мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, түпкілікті 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған.

О.Агабеков Экология және табығи ресурстар министрлігінің «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕ АҚ басқармасының төрағасы лауазымын атқара отырып, яғни мемлекеттік функцияларды орындауға теңестірілген адам бола тұра, 2023 жылдың 6 сәуірі мен 11 желтоқсаны аралығында өзіне, сондай-ақ басқарма орынбасарына, Ішкі аудит қызметінің басшысына және Корпоративтік хатшыға 2022 жылдың нәтижелері бойынша ірі мөлшерде 8 220 166 теңге сыйақы төлеген, - делінген хабарламада.

2023 жылдың 30 қарашасы мен 4 желтоқсаны аралығында О.Агабеков Дубай қаласында (БАӘ) өткен климаттық жағдай бойынша тараптардың 28 конференциясында Орталық Азия елдерінің павильонын ұйымдастырып, демеушілік көмектен түскен 329 млн. теңге соманың 121 млн. теңгесін алаяқтық жолмен иеленіп алған.

2024 жылдың 1 ақпанында О.Агабеков құны 1 млрд теңгеден астам тұратын 708 мың тонна көлеміндегі ЖШС-нің бірінің офсеттік бірліктерін басқа ЖШС-ға сатуға ықпал еткені үшін Астана қаласында С.-дан 35 млн теңге сомада ақша түріндегі пара алған, - делінген соттың хабарламасында.

Сотталғанның кінәсі жәбірленушілердің өкілдері мен куәлердің айғақтарымен, тексеру актілерімен, жүргізілген тінту нәтижелерімен, телефондардан мәліметтерді алу хаттамаларымен, бейнежазбалармен, мамандардың қорытындыларымен, сараптама актісімен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденген.

Үкіммен келіспей сотталған мен қорғаушысы апелляциялық шағым беріп, ақтауды сұраған.

Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 25 қыркүйектегі қаулысымен үкім өзгеріссіз, апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылды.

Сот актісі заңды күшіне енді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ -архив
Өзгелердің жаңалығы