Бүгiн 2026, 15:11 Фото: res2026.kz

«Жасыл мектептер» өңірлік платформасы таныстырылды

Орталық Азия елдерінің өкілдері 2026 жылғы Өңірлік экологиялық саммит дайындығымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Астанада Орталық Азия елдерінің өкілдерінің қатысуымен алдағы 2026 жылғы  (бұдан әрі – ӨЭС 2026) қатысты жоғары деңгейдегі кездесу өтті. Кездесу барысында саммит және халықаралық жасыл технологиялар көрмесін өткізуге дайындық мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, кездесуде «Жасыл мектептер» өңірлік платформасы бастамасы таныстырылды.

Іс-шараға ЮНИСЕФ-тің қолдауымен Қазақстан Республикасының экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Орталық Азия елдерінің экология және білім беру министрліктерінің орынбасарлары және қоршаған ортаны қорғау саласындағы сарапшылар қатысты.

Ерлан Нысанбаев өзінің құттықтау сөзінде ӨЭС 2026-ны Орталық Азия елдерінің экологиялық және климаттық мәселелер бойынша нақты шешімдер қабылдауға және тұрақты ынтымақтастық механизмдерін іске қосуға арналған өңірлік алаң ретінде дамыту көзделгенін атап өтті.

Саммитке дайындықтың басым бағыттарының бірі — балалар, жастар және экология мәселелері. Осы тұрғыда Қазақстан ЮНИСЕФ-тің экологиялық мәселелерге жауап беретін білім беру жүйелерін дамыту бастамасын толық қолдайды. Біз ЮНИСЕФ-пен ынтымақтастықты балалар мен жастардың мүдделеріне бағытталған келісілген тәсілдерді әзірлеудің маңызды негізі ретінде қарастырамыз. Сонымен қатар, ЮНИСЕФ тарапынан Қазақстанда Орталық Азияның «жасыл» мектептері өңірлік платформасын құру бастамасы ұсынылғаны белгілі болды. Платформа – бұл экологиялық білім беру, тұрақты мектеп инфрақұрылымын дамыту және балалар мен жастар бастамаларын қолдау үшін үкіметтер, даму серіктестері, қаржы институттары және жеке секторды біріктіретін ерікті үйлестіру механизмі ретінде қарастырылады, – деді министр.

Платформаның мақұлдануы ӨЭС 2026-да күтілуде. Ерлан Нысанбаев бұл платформаның Орталық Азия елдерінің ҰДАҮ 3.0 аясында ұлттық міндеттемелермен және білім беру саласына климаттық қаржыландыру тарту мүмкіндіктерімен байланыстырылуына ерекше мән берілетінін атап өтті. Осылайша, платформа өңірлік экологиялық саммиттің нақты әрі болашаққа бағытталған нәтижелерінің бірі болуы мүмкін.

Кездесу барысында ЮНИСЕФ сарапшылары өңірдегі мектептердің энергия тиімділігі аудитінің нәтижелерін ұсынды. Олар мектеп ғимараттарының тозуы мен климаттық әсерлерге осалдығын, сондай-ақ балалар үшін білім беру ортасын жақсарту мүмкіндіктерін көрсетті. Мектептердің энергия тиімділігі мен тұрақтылығын арттыру оқу жағдайларын жақсартып, балалардың денсаулығына қауіп-қатерлерді төмендетуге, жылу мен электр энергиясына жұмсалатын шығындарды азайтуға, үнемделген қаражатты білім сапасын арттыруға бағыттауға мүмкіндік береді. Болашақта «жасыл мектептер» әдістері 24,4 млн бала мен 24 мыңнан астам мектеп пен әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін қамти алады.

Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілі Рашед Мустафа Сарвар «Жасыл мектептер» өңірлік платформасының іске қосылуы жалпы білім беру ұйымдары мен балалар өмірінде нақты өзгерістерге әкелетінін атап өтті.

Қорытындысында ӨЭС 2026 дайындықтың барлық негізгі ұйымдастырушылық және мазмұндық мәселелері жан-жақты талқыланды. Әсіресе сессиялық бағдарлама құрылымы мен ұсынылған өңірлік бастамалардың үйлесімділігі мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ саммиттің қорытынды құжаттарына қатысты елдерден түскен ұсыныстар талқыланды.

Бұған дейін хабарланғандай, 2026 жылғы 22–24 сәуірде Астана қаласында Орталық Азия елдерінің экологиялық мәселелерін шешу жолдарын талқылау үшін Өңірлік экологиялық саммит өтеді.