«Жасыл» мәртебесі барлар сауда орталықтарында маскасыз жүре ала ма?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ashyq қосымшасында «жасыл» мәртебесі бар адамдар сауда және ойын-сауық орталықтарында маскасыз жүре ала ма? Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова жауап берді.
Жоқ, бетперде кию міндетті. Себебі қазірдің өзінде вирусты вакцинацияланған адамдар жұқтырып жатыр. Бетперде тақпау қауіпті. Әрине, вакцина алған азаматтар тұмауды жеңіл өткізеді. Бетперделі азаматтарға инфекцияның берілуі де аз дәрежеде, бірақ мүмкін. Сондықтан бүгінде әлемде ешкім маскадан бас тартқан жоқ. Шектеу және алдын алу шаралары арасында теңгерім бар, - деді Айжан Есмағамбетова Үкімет отырысында журналистерге.
Сонымен қатар бас дәрігер қазақстандықтар бетперделерін қашан шеше алады деген сұраққа жауап берді.
Менің ойымша, қазір ешкім нақты күнді атай алмайды. Бұл алдағы санитарлық тәртіпті сақтауымызға байланысты. Вирус мутациясын жалғастыруда. Вакцинация неғұрлым баяу болса, вирус уақыт өте күшейе түседі. COVID-19-дың мутацияланып, күшейетін қабілеті бар. Ал бүгінде вирустың мутациясын болжау мүмкін емес. ДДҰ вирусты қауіпті, бақылауда болатын және бақылауды қажет ететін мутацияларға бөліп, қарастырып отыр, - деді комитет төрағасы.
Оның айтуынша, ел халқының 80 пайызы толық вакцина алған кезде бетпердені шешуге рұқсат етілмек.
Маскамызды қашан шешетінімізді айта алмаймын. Әрине, біз бәріміз бетпердеден шаршадық. Бірақ, өкінішке қарай, бұл коронавирустан қорғану шараларының бірі, - деп берді Айжан Есмағамбетова.