Жасыл энергетика саласындағы тәсілдерді қайта қарау қажет
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында климаттық өзгерістер энергетика саласына әсер ететінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Климаттық күн тәртібі үлкен өзгерістерге ұшырайды, бұл “жасыл энергетиканы” дамыту тәсілдерін қайта қарауды қажет етеді. Бір жағынан, бұл дәстүрлі энергия ресурстарына деген сұранысты сақтайды. Ал екінші жағынан, мұнай, газ және көмір бағасының тұрақсыздануына әкеледі,” – деді Мемлекет басшысы.
Климаттың өзгеруі орталығының директоры Айдын Бакдолотов Президенттің мәлімдемесіне қатысты пікірін айтты.
Президенттің бұл мәлімдемесі климаттық және энергетикалық өзгерістерге бейімделу керегін меңзейді. “Жасыл энергетикаға” көшу тәсілдерін қайта қарау көміртекті төмендететін технологиялар мен дәстүрлі энергия көздерін тиімді пайдаланудың арасындағы тепе-теңдікті табуды қажет етеді, – дейді сарапшы.
Климаттық күн тәртібінің өзгеруіне әсер еткен негізгі факторлардың бірі – АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың әкімшілігі кезінде Париж келісімінен шығу туралы шешімі болды.
Бұл қадам жаһандық климаттық ынтымақтастықты әлсіретіп, парниктік газдардың шығарылуын азайту жөніндегі міндеттерді орындауды қиындатты. Әлемдегі ең ірі экономикалардың бірі тарапынан мұндай әрекеттер халықаралық энергетикалық стратегиялардың дамуына әсер етіп, декарбонизация міндеттемелеріне қатысты түсініксіздікті күшейтеді. Сонымен қатар, бұл мұнай, газ және көмір сияқты дәстүрлі энергия көздеріне деген сұраныстың артуына алғышарттар жасайды, нәтижесінде олардың бағасының құбылмалылығына алып келеді, – дейді Айдын Бакдолотов.
Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер бар
Қазақстан үшін, көмірсутек экспорттаушы ел ретінде, бұл өзгерістер энергетикалық секторды әртараптандырудың маңыздылығын арттыра түседі. Атом энергетикасын дамыту, жаңартылатын энергия көздерінің үлесін көбейту және инновацияларды енгізу – тұрақты энергетикалық болашақтың негізгі элементтері. Халықаралық деңгейде климаттық саясаттың өзгеруі сауда қатынастарына, инвестиция тартуға және заманауи технологияларға қолжетімділікке әсер етеді. Сондықтан, Қазақстан жаһандық климаттық бастамаларға белсенді қатысып, оларды халықаралық энергетикалық саясаттағы орнын нығайту үшін пайдалануы қажет, – дейді орталық басшысы.